Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиевпен бірге Бектаевтар шаңырағына барды. Үйдің үлкені Сәнімкүл Әшірбекова әжеймен сырласып, өнегелі ұрпақ өсірген мейірімді анаға аудан халқының атынан алғысын білдірді.

Т.Жүргенов ауылындағы «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсының лауреаты Бектаевтар отбасында Еңбек ардагерлері Төлеміс Бектаев ақсақал мен Сәнімкүл Әшірбекова әжейдің шаңырағынан 11 перзент өрбіген.

Аудан әкім Ардақ Ибраимов шаңырақтың киесі болған Төлеміс ақсақал елдің ертеңі үшін еңбек еткен ауданның құрметті азаматы ретінде тарихта есімі үлгі болып қалатынын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы ерен еңбегі үшін Жалағаш ауданының Құрметті азаматы атанған Төлеміс ақсақал «Ерен еңбегі үшін», “Еңбек ардагері” медальдарымен марапатталған. Батыр ана Сәнімкүл Әшірбекова қажырлы еңбегі үшін «Халықтар достығы» орденін иеленген. Бектаевтар әулетіндегі 11 баладан 43 немере, 66 шөбере және екі шөпшек тараған. Бұл әулеттің үлкен-кішісі еңбектің қадірін біледі және оны барша игіліктің бастауы деп санайды.

Бүгінде Бектаевтар отбасы Сыр өңірінің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, өңірдегі маңызды іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып келеді.

БӨЛІСУ