Екінші қыркүйек күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына өз Жолдауын жасаған болатын.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер мен оны аудан көлемінде іске асыру мәселелері талқыланды.
Жиында алдымен аудан басшысы Жолдауда айтылған барлық бағдар бойынша нақты шаралар қабылдап, оны сапалы іске асыру бағытында жұмыс жасау керектігін айтты. Осыған сәйкес тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне аудан экономикасын әртараптандыру бағытында жаңа өндіріс орындарын ашу, елге пайдалы жобаларды жүзеге асыру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, салық базасын ұлғайту, кәсіпкерліккке жан-жақты қолдау көрсетіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті халыққа түсіндіру, ауыл шаруашылығын дамыту, тазалық жұмыстары, сонымен бірге білім беру мен денсаулық сақтау және басқа да барлық салаларда жолдауда көрсетілген әрбір бағыт бойынша берілген тапсырмаларды жүйелі іске асыруды тапсырды.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, адам өмірінің қауіпсіздігін қорғауға, халықтың мүддесін жақсартуға бағытталған Жолдаудың маңызына тоқталып, ел игілігіне бағытталған жұмыстарды әрдайым ауызбіршілікпен бірлесе атқаруға шақырды.