Қала әкімі Нұржан Ахатов Тасбөгет және Белкөл кентінің тұрғындарымен кездесіп, халықтың талап-тілегін тыңдады.

​Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты тұрғындарға түсіндірме беріп, Президент Жолдауы – еліміздің болашағы үшін стратегиялық бағдар, экономикадан бастап әлеуметтік саясатқа дейінгі барлық бағыттарда үлкен өзгерістер, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсарту үшін нақты қадамдар екенін жеткізді. Сөз барысында күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдасақ, ең алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген электр энергиясына қол жеткізу, экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналдыру көзделгенін түсіндірді.

​Қазіргі уақытта Тасбөгеттегі халықтың саны 30 мыңнан асты. Кенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсімі де қарқынды. Сәйкесінше қажетті инфрақұрылым тартылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, Тасбөгет кентінің түрғындары үшін емхана мәселесі өзекті болып отыр. Тұрғындар №4 емхананың ішкі аумағы тар екендігін айтып, оның шешілу жолдарын қарастыруды сұрайды.

​Өз кезегінде қала әкімі: «Аталған ғимарат 2006 жылы күрделі жөндеуден өткізілгенімен құрылыс нормалары және талаптарына сәйкес келмейді, яғни типтік емес. Дәрігерлердің қызмет алушыларды қабылдау бөлмелері жеткіліксіз. Бұл мәселе маған белгілі. Сондықтан қажетті шараларды қабылдап, тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз,»- деді.

​Тұрғындарды толғандырып жүрген тақырыптардың тағы бірі – апатты деп танылған үйлерді сүріп, орнына жаңа ғимараттар салу. Себебі қаңырап бос тұрған нысандардың қауіптілігі жоғары.

​«Көтерілген мәселе өте орынды. Біз апатты деп танылған үйлердің орнына жаңа баспаналар салуды жоспарға енгіздік. Алдағы уақытта ескісі сүріліп, сәйкесінше орнына жаңа құрылыс бой көтереді,»-деді Нұржан Сәбитұлы.

​Кенттің ардагерлері орталық бейітке барар жолды жөндеу бойынша ұсыныстарын жеткізіп, шаһар басшысы бұл талап-тілектің де орындалатындығын жеткізді.

​Келесі кездесу Белкөл кентінде жалғасты. Жүздесуде тұрғындар ұзындығы 800 метрді құрайтын орталық көшеге аяқ су жүргізу мәселесін көтерді. Орталық көшені қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бұған байланысты бюджеттік өтінім ұсынылған. Яғни, бұл мәселе жаңғырту жұмысымен қатар шешімін табатын болады.

​«Кентте мәдениет үйін салу өзекті болатын. Мұның да түйіні тарқатылып, мәдениет үйінің құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылды. Қажетті қаражат бөлініп, руханият ошағы бой көтереді,» – деп көпшілікті қуантты қала әкімі.

​Тұрғындар тарапынан кенттегі білім беру мекемесінің шатырын жөндеу, көшелерді жарықтандыру жөнінде де ұсыныстар білдірілді. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен шешімін табатыны айтылды. Кент тұрғындары шаһар басшысының жұмысына сәттілік тілеп, ақ баталарын арнады.

БӨЛІСУ