Тіл – ұлттың тірегі. Оның құдіретін сезіну, тазалығын сақтау, құрметін еселеу елдегі әрбір адамның алдында тұрған парызы. Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті дәл осы ең асыл құндылығымызда. Осыған орай Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті Алдажар Әбілов мәлімдеді.
– Шын мәнінде тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрам. Осы орайда, Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Апталықтың алғашқы шарасы – 3 қыркүйек күні, яғни кеше қазақ тіл білімінің ғалымдары Әбдуали Қайдар мен Рабиға Сыздықтың туғандарына 100 жыл, Шайсұлтан Шаяхметовке – 85 жыл толуына орай қазақ тілі пәнінің мұғалімдері, оқытушылары, сала мамандарының арасында «Ғылымдағы ғұмырлар» тақырыбында облыстық, республикалық деңгейдегі ғалымдардың дәріс сағаттарынан басталды. 5 қыркүйек күні тіл мерекесіне арналған «Тілі бірдің – тілегі бір» атты салтанатты шара, «Тіл-тірегім, Қызылорда – жүрегім» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы, «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты дөңгелек үстел, «Туған тілім -тірлігімнің айғағы» атты пікірсайыс турнирі, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында мектеп және колледждерде пікірсайыс алаңдары, этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақшаңыз қалай?» байқауы және«Менің тілім – қазақ тілі» мәнерлеп оқу сайысы, жастар арасында «Этно Quiz» интеллектуалды сайысы өткізілетін болады. 6 қыркүйек күні «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты дөңгелек үстел, балабақшаларда «Тілді сүю – талбесіктен» атты акциясы, 7 қыркүйек күні балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында «Арбат» бойында аквагрим шарасы, 10 қыркүйек күні Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Рухани болмысты жаңғырту – ұрпақ ұлағаты» атты облыстық ділмар-шешендер байқауы өткізіледі. Сондай-ақ осы секілді шаралар аудандарда да жалғасын таппақ,- деді Руслан Мұхамедәліұлы.
– Бұл мерекелердің ішінде ең негізі деп қарайтын күн. Қазақтың ұлан-ғайыр жерін бұрында бабаларымыз қалай сақтап қалды деп кейде ойлаймыз. Ол ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы да шығар. Бірақ, негізінен алып қарасақ ол тілдің арқасында. Қазақ тілінде диалект жоқ. Әлем тілдерінің ішіндегі ең қуатты, ең көркем, ең музыкалық тіл – қазақ тілі. Үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс әкімдігінің жобасымен осы ана тіліміздің құдіретін арттыруға бағытталған екі кітап жарық көрді. Кез-келген өзге елден келген адам бірінші асханаға барады ғой. Ал ондағы мәзірдің барлығы орысша. Ал бұл кітап соларды қазақшалайтын құрал іспеттес. Бұдан бөлек те жұмыстар жасалып жатыр. Тіл мәселесіне келгенде шолақ ойламауымыз керек,- деді Алдажар Әбдірасуллеұлы.