Облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалық етуімен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасын таныстыру шарасы өтті.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов, Атамекен кәсіпкерлік палатасының төрағасы Пірмұхаммед Сыздық, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, жергілікті полиция қызметі және бірқатар кәсіпкерлер қатысты.
Жобаның бағыты – мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейту.
Жобаның мақсаты – өңірдегі қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын алу және төмендету, олардың орын алуының себептері мен негіздерін анықтап, құқық бұзушылық профилактикасын жүзеге асыру.
Жобаны дайындауға негіз болған өңірімізде жекелеген қылмыстардың өсім алып, жалпы тіркелген қылмыстар 5%-ға өскендігі.
Жоба аясында жүргізілген талдау нәтижесі облыс орталығында орналасқан көңіл көтеру орындарында қылмыстардың жиі орын алатынын көрсетті.
Жыл басынан полиция органдарына көңіл көтеру орындарынан 2 700-ден аса хабарлама түскен.
Нәтижесімен 50 қылмыстық, 1 633 әкімшілік істер қозғалып, кінәлілер жауаптылыққа тартылды.
Қылмыстардың барлығы түнгі мезгілде сағат 24:00 ден таңғы 5:00 аралығында орын алған.
Бұл ретте көңіл көтеру орындарындағы жұмыс кестесін қалыптастыру, күзет қызметін пайдалану және бейне бақылауды орнатуға бағытталған меморандум жасасу мәселесі талқыланды.
Жиында Қызылорда облысының қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету саласы қауымдастығының төрайымы Ақмарал Мақсутовна және бірқатар кәсіпкерлер өз ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, облыс прокуроры жиын қорытындысымен Жоба бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, жергілікті атқарушы және полиция органдары, Атамекен кәсіпкерлік палатасы, Ардагерлер кеңесімен бірлесіп жұмысшы тобын құруды және алдағы уақытта Жоспардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Облыс прокуратурасы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында Жоба аясында белгіленген шараларды жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқаратын болады.