«Ақ жол» партиясы су тасқыны кезеңінде әр сала қызметкерлерінің белсенділігі мен ерлігін бағалаумен келеді. Бұл жолы партия тарапынан төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің табандылығы мен батылдығы ескерусіз қалмады. Бүгін көктемде су басқан өңірлерге барып, халыққа көмек көрсеткен сала мамандарының еңбектері ескеріліп, оларға «Ақ жол» партиясы Ұлттық Кеңесінің тағайындаған «Апатпен күрескені үшін» медалі табысталды.
Шараға «Ақ жол» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаттары, Экология, өндіріс және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Б.Сандыбаев, Н.Сопбеков, фракция жетекшісі Қ.Боранбаев, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары А.Төлегенова мен Ғ.Байсеитов, сондай-ақ, Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Р.Қайрақбаев және төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы қатысты.
Өз кезегінде қызметкерлерге құрмет көрсету үшін арнайы Қостанай облысынан Қостанай облыстық мәслихатының депутаты А.Сергазинова және Қостанай облысының Амангелді аудандық мәслихатының депутаты А.Әлімқұлов келіп, «Ақ жол» партиясының лидері Азат Перуашевтың құттықтауын жеткізіп, Қостанай халқының атынан алғыс айтып, «Апатпен күрескені үшін» медалін табыстады.
Су тасқыны кезеңінде төтеншеліктерден бөлек, депутаттар да көмек қолын созып, табиғи апаттың алдын алуға бар күш-жігерін салған болатын.
Шара соңында фракция жетекшісі Қ.Боранбаев елдің күші бірлікте екендігін тілге тиек етіп, Қостанай облысынан келген әріптестеріне зор ризашылығы мен алғысын білдірді.

БӨЛІСУ