5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Достық үйінде «Сөз маржаны» интеллектуалды ойындар байқауы өтті. Аталмыш шараға татар, славян, орыс қауымдастығы, түрік, корей, шешен этномәдени бірлестіктерінің белсенді мүшелері қатысып, бақ сынасты.

Шараның мақсаты – этнос өкілдерінің қазақ тілінде ойлау қабілетін, сөйлеу мәнері мен жан-жақтылығын анықтау.
Сайысты ашу үшін сөз Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаровқа берілді.
Әділ қазылар алқасы құрамында ҚХА хатшылығы – этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің әдіскері Ардана Өмірзак, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлбану Сембиева, «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Бауыржан Үсенбаев болды.
Байқау 5 кезеңнен құралды. Бірінші «Шапшаңдық» (сөздер құрау), екінші «Сен білесің бе?» (жасырын сөздерді табу), үшінші кезең «Кім жылдам?» (сөйлем құрау), төртінші кезең – «Ән – көңілдің ажары» (экранда берілген әндердің жалғасын табу), бесінші кезең – «Біргеміз – берік іргеміз».
Озық ойлы қатысушылар бәсеке барысында біліктілігін байқатты. Нәтижесінде бірінші жүлделі орынды татар, екінші орынды шешен, үшінші орынды славян этносының өкілдері иеленді. Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

БӨЛІСУ