5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Жәлел Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінде «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында этнос оқушылары арасында «Тіл – татулық тірегі» атты зияткерлік-танымдық сайысы өтті.

Сайысты ашу үшін сөз Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Фархат Әбдібағдатұлы және Ж. Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейінің директоры Бақытжан Дуйсенбаевқа берілді.
Әділ қазылар алқасы құрамында «Қоғамдық келісім» КММ сарапшы маманы Инабат Жамбыл, №23 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Нұргүл Нұрымова және Айнұр Атырауова болды.
Оқушылардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыру, ойлау қабілетін дамыту, шаршы топ алдында жүйелі сөйлеуге, өз көзқарасын дұрыс жеткізе білуге үйретуді көздеген сайыс 4 кезеңнен құралды.
Бірінші кезең «Бәйге» деп аталды. Онда барлық топ бірдей қатысады. Кім бірінші жауап береді, сол топқа ұпай беріледі. Екінші «Полиглот» кезеңде оқушылар мақалда түсіп қалған сөздерді тауып, оны орыс, ағылшын тілдеріне аударуы тиіс. Үшінші «Шапшаң айт, тек жаңылма!» кезеңде қатысушының дұрыс айтуына қарай бағалау ұсынылады. Ал «Суреттер сөйлейді» атты төртінші кезеңде экранда көрсетілген суретке байланысты білімдерін көрсету керек.
«Тіл – татулық тірегі» атты сайыстың нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды «Тапқырлар» тобы: Марсель Арапбаев және Андрей Татаренко, екінші орынды «Білгірлер» тобы: Альмира Саматова және Айсауле Елубай, үшінші орынды «Алғырлар» тобы: Елизавета Хан және Дарья Панова иеленді.
Байқау жеңімпаздары «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Қамалов атынан диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық белсенді қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар және сыйлықтар табысталды.

БӨЛІСУ