Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаппасбай батыр көшесіне барып, Қорқыт ата көшесінен көлік жолайрығына дейінгі бөлікті жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Жобаның мердігері – «УАД», техникалық қадағалаушы – «Тараз-Технопроект» серіктестіктері. Төрт жолақты жолдың ұзындығы – 3,3 шақырым. Жобада жаяу жүргіншілер жолын және жарықшамдар орнату қарастырылған.

Жаппасбай батыр көшесі – қаладағы магистральды көшенің бірі. Жақын күндері мұндағы көлік қозғалысы қайта жанданады, яғни жаңғырту жұмыстарынан кейін көше ашылады.

Еске салсақ, биыл қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға
34,8 млрд. теңге бөлінген, 97 көшені салу, қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 54 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып, 81 көше жарықтандырылуда. Мұнан бөлек, әуежайдан Бейбарыс сұлтан көшесіне дейінгі аралық, Шиеліден кіреберіс жол, Яссауи, Жаппасбай батыр көшелері, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы кеңейтілуде. Ал, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Қызылорда-Құмкөл» автомобиль жолын қайта жаңғыртады.

БӨЛІСУ