Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Семей ядролық сынақ полигонындағы апат салдарын жоюға қатысқан ардагерлерді қабылдады.

Аудан басшысы Семей полигонының қазақ даласына қасірет әкелгенін атап өтті.
– Семей ядролық полигонының жабылуы – көптен күткен және тағдырлы шешім. Тарихқа көз салсақ, қазақ халқының басынан өткерген қиындықтары аз емес екенін бағамдаймыз. Солардың бірі – осы полигон қасіреті. Киелі мекен 1949 жылы ядролық сынақ полигонына айналды. Осыдан бастап 1989 жылдың 19 қазанына дейін 40 жыл бойы қазақ елі ядролық сынақтың зардабын тартып келді. Осы уақыт шеңберінде қазақ даласында 456 ядролық жарылыс жасалған. 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн ретінде белгілеу қазақстандық дипломатияның маңызды жетістігі болып саналады. Себебі, Қазақстан ядролық қарудан алғаш болып бас тартты. Ядролық қарудан бас тарту арқылы егемен еліміз әлемге бейбітсүйгіш халық ретінде танылды. Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауіпсіздікті сақтау бағытында бастама көтерген беделді мемлекетке айналды. Болашағын бейбітшілікпен байланыстырған мемлекетімізде Семей полигоны жабылып, оның зардаптарын жоюға ел азаматтары атсалысты. Олардың қатарында сырдариялықтар да бар. Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе-бет келу арқылы Сіздер Отанымыздың патриот азаматы екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Ел алдындағы азаматтың міндеттеріңізге адалдық танытып, Семей ядролық полигоны зардаптарын болдырмау бағытында қажырлы еңбек сіңірдіңіздер. Сол себепті, Сіздерді өскелең ұрпаққа үлгі етеміз, туған жердің елжанды азаматы деп мақтан тұтамыз. Сіздерге ел намысын қорғап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан әкімі апат зардабын жоюға атсалысқан ардагерлерге сый-құрмет көрсетіп, «Алғыс хатпен» марапаттады.

Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, апат салдарын жоюға атсалысқан Шырынхан Садықов сөз сөйлеп, сынақ алаңының зардаптары елге ауыр тигенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, сынақ алаңына ауданнан 150-ге жуық азамат барса, бүгінде 25 ардагер мемлекет тарапынан көмек алуда.

БӨЛІСУ