Жаңа оқу жылы басталар тұста Сырдария аудандық қоғамдық кеңесі аудандағы барлық мектептің директорларын, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын, ата-аналар комитетінің төрағаларын жинап, арнайы жиналыс өткізді. Жиналыстың күн тәртібінде балалар арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау мен алдын алу мәселесі қаралып, аудандық білім бөлімінің есебі тыңдалып, қоғамдағы өте өткір мәселе кеңінен талқыланды. Кеңес мүшелері алдымен №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің, оқушылар үйінің, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің, кітапхананың, асхананың жұмысымен танысып, мониторинг жасады.
Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетов балалар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттер жиіліп кеткеніне тоқталып, тәрбие ісіне қоғам болып жұмылу қажеттігін айтты.
– Қай кезде де ұрпақ тәрбиесін ұлы құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген халқымыз үшін бала болашағы бәрінен қымбат. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауға тиіспіз. Мектеп – оқушы – ата-ана үштағаны үйлесімділікте жұмыс жасауы қажет. Қазір жастар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық, қылмыс, суицид, кибербуллинг, топтық төбелес, тағы басқа да келеңсіз жағдайлар жиі кездесуде. Біз өз тарапымыздан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында шаралар қабылдап келеміз. Жыл басында облыс әкімдігі облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментімен бірлескен «Жол картасын» бекітті. Қоғамдық кеңес төрағасы ретінде бұл бағытта облыс әкімінің төрағалығымен өткізілген жиынға арнайы қатыстым. Мамыр айының соңында құқық қорғау органдарының басшылары, ата-аналар мен педагогтер қатысқан, тәрбие саласындағы мәселелер талқыға түскен алқалы жиын өткізілді. Келелі кеңесте бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар мен ұсыныстар айтылып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сол тапсырмаларды орындау, балалар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Маратбек Нағымұлы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің бас маманы Ж.Алмасқызы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды қоғамдық кеңес мүшелерінің назарына ұсынды.
– Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп және ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін жұмыстар жүзеге асуда. Ата-аналарға кеңес қызметін әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы – мектеп, «Мектеп өмірінің бір күні» атты жобалары енгізілді. Рухани – адамгершілік тәрбие беру, адамзаттық құндылықтарды дамытуда «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі», «Аналар академиясы» бастамаларымен жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта бүгінгі күнге дейін ата-әжелер, әке-аналардың қатысуымен 300 шара өткізіліп, оған 4000 оқушы қатысты. Бүгінгі күні аудандағы 5 қосымша білім беру ұйымы мен оның филиалдарына 1400 бала, аудандық спорт мектептеріне 1500 бала тартылған. Сонымен қатар, мектептердегі үйірмелерге 4000-ға жуық бала қамтылды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қаңғыбастық пен қадағалаусыздықтың, құқық бұзушылық, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық іс-шаралар жоспарлар бекітілген. Бірлескен профилактикалық жұмыстар салааралық байланыста атқарылуда. Өткізілген 250 іс-шараға 2300 адам қатысты. Оның ішінде, 1500 оқушы және 800 ата-ана бар. Іс-шаралар барысында ата-аналарға психологтардың кеңестері беріліп, полиция департаментімен әзірленген жадынамалар таратылды. Аталған жиналыстарда ата-аналарға бала денсаулығы мен өміріне келетін зиянды әрекеттер туралы Заң аясында түсіндірілді. Ағымдағы жылы жасөспірімдер арасында орын алған қылмыстық оқиға (№42 мектеп-лицей) тәрбие жұмыстарын бұдан да күшейту қажет екендігін көрсетті, – деді аудандық білім бөлімінің бас маманы.
Сала маманының айтуынша, аудан әкімінің салалық орынбасарының төрағалығымен жұмысшы топ құрылып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылған. Ардагер ұстаздар, әкелер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрағалары, аурухана және полиция қызметкерлерінің қатысуымен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілетін кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргізіліп, нашақорлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, суицидтің және түнгі жүріс, топтық төбелестің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысы жүргізілген. Ал қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, адамгершілік мәдениетін қалыптастыру және олардың бойында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығы түсіндірілген.
– «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасы аясында аптаның жұма және сенбі күндері еріктілердің кезекшілігі ұйымдастырылып келеді. Ағымдағы жылы 150 рейдке 600 адам қамтылды. Түнгі рейд жұмыстары жазғы демалыс күндері де жалғасын тапты. Мектептің әкімшілік құрамы мен ата-аналар комитеті мүшелерінің қатысуымен күнделікті рейд жүргізілді. Жыл сайын қоғамдық тәртіпті реттеуге атсалысатын ата-аналар саны көбейіп келеді. Полиция органдарымен бірлескен профилактикалық рейдтермен ағымдағы жылы беймезгіл уақытта жүріп тіркелген оқушылар болған жоқ. Рейд барысында оқушылар мен ата-аналарына Заң нормалары түсіндірілді. Есепті мерзімде құқық бұзушылықтардың теріс әсерін білім алушылар назарына тиімді жеткізу мақсатында әлеуметтік желілерде «Кибербуллинг», «Бала тәрбиесі», «Электронды темекі», «Құмар ойындар» тақырыптарындағы бейнероликтер жарияланды. Барлық мектептерде осы бейнероликтердің көрсетілімдері ұйымдастырылды. Есепті мерзімде мектеп оқушыларымен жасалған құқық бұзушылықтар бойынша профилактикалық есепке 2 жасөспірім, мектепішілік есепке 48 оқушы алынған. Есепке алынған жасөспірімдердің барлығы тұрақты бақылауға алынды. Қыркүйек айында есепке алынған оқушылардың тізімі жаңартылатын болады, – деді Жанар Алмасқызы.
Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Г.Әбілова, А.Есназар, Қ.Сүлейменов, А.Ибрагимұлы пікір білдірді. Кеңес мүшелері профилактикалық және мектепішілік есепке алынған балалардың жазғы демалыспен қамтылуы, бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізу, сынып жетекшілерінің жауапкершілігін арттыру, мектеп тарапынан оқушылардың қысқа киім киюіне жол бермеу, ата-аналар жиналысына әкелердің қатысуын талап ету, бейнебақылау камераларын орнату ісін жеделдету мәселелерін көтерді. Ал Тереңөзек кентінің қоғамдастық жиынының төрағасы Б.Жақсылықұлы жаңа оқу жылының басталуы демалыс күнге сәйкес келгендіктен мұғалімдерге жалақы төлеу тәртібі заң аясында жүргізілу керектігін айтты. Өз кезегінде Тереңөзек кентінің қоғамдастық жиынының мүшесі Нұржан Қосуақов білім беру ұйымдарының ата-аналармен әріптестік байланысын жетілдіру, қазақ сыныптарының санын көбейту, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында бірқатар ұсынысын ортаға салды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметінің басшысы Қыдырбек Көшекбаев оқушы балалардың түнгі мезгілде ата-аналарының қарауынсыз жүруін болдырмау, мопед тізгіндеуге жол бермеу, бірлескен рейдтік іс-шараларға қоғам болып атсалу қажеттігін айтты. Бесарық ауылындағы №147 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Серікжан Жүнісбаев ұрпақ тәрбиесі, ұлттық жәнео тбасылық құндылықтар туралы айтты.
– Ұрпақ тәрбиесі жөнінде халқымыздың «Тәрбие тал бесіктен», «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген тәлімді сөзін басшылыққа алып, тәрбиені балабақшадан бастау керек деп ойлаймын. Бір топтағы ұл балалар мен қыз балалар түскі демалыс кезінде бір бөлмеде киім аустырмайтын және қатар тұрған төсектерде жатпайтындай жағдай жасау керек. Суға шомылдырғанда ұлдар мен қыз балаларды бір бірінен оқшаулаған дұрыс. Құшақтастырып, вальс биін үйретуді тоқтатса, бала бойындағы ұялу сезімі өлмес еді. Мектеп ғимаратындағы әжетханаларды қыз балалар мен ұлдар бір бірін көрмейтіндей алыс орналастырған жөн. Қоғамымыздағы ерте жүктілік, педофилдік, суицид, жеңіл жүрістілік барлығы ұялу сезімінің «өлуінен» орын алып отыр. Осы мәселелерге назар аударып тиісті мамандардың жүрегіне жеткізуге атсалысуды ұсынамын, – деді
Кеңес төрағасы Маратбек Еспенбетов Қоғамдық кеңес отырысын қорытындылай келе, бұл тақырыптағы жиналыс тағы да өткізілетінін, балалар тәрбиесі мен құқықбұзушылық мәселесі күн тәртібінен түспейтінін жеткізді.