Қазалы ауданында кәсіпкерлік жыл өткен сайын белсенді дамып, өз ісін ашып жатқан азаматтар саны артып келеді. Әсіресе, өз өнімін шығарумен айналысатын кәсіпкерлер көбейіп келеді.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Жанабаев Қонысбек өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8,6миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Алынған қаржыға пластикалық есік пен терезе өндіретін цех ашып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алған.

Шағын цехта 3 маман жұмыс жасап, күніне шамамен 15-20 дана есік пен терезе шығарады. Бүгінде ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі пластикалық есік, терезелер дайындауда.

«Пластикалық есік пен терезені айналысуды біршама уақыт бойы ойлап, зерттеп келдім. Тәуекел етіп, осы бағдарлама арқылы 2,5 пайыздық несие алып, кәсібімді бастадым. Бүгінде ауданда сұранысқа ие болып, ауыл мен кенттен көптеген тапсырыстарды орындаудамыз. Мемлекеттің қолдауы идеямызды жүзеге асырып, кәсібімізді жолға қоюға үлкен мүмкіндік берді», – дейді Қонысбек Алтынбекұлы.

Қонысбек алдағы уақытта пластикалық өнімдердің түрлерін көбейтіп, цех әлеуетін арттырып, көрші аудандардан да тапсырыстарды қабылдауды жоспарлап отыр.

БӨЛІСУ