ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Бүгін Сыр өңіріндегі сапары барысында Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып кәсіп бастаған бірқатар азаматтармен кездесіп, өндіріс орындарын көрді.

«Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жылдық 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелеу азаматтарға идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін ашуға және жұмыссыздықты азайтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта өткен жылы республикалық бюджеттен өңірге 3 млрд. теңге қаралып, 713 жаңа жұмыс орынды құрайтын 406 жоба несиелендірілген. Жоба аясында несие алып кәсіп бастаған Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Алма Ысмайлова қазір жылыжай шаруашылығын дамытуда.

Алма Ысмайлова жоба аясында 7.0 млн. теңге қаражы алған. Бұл қаржыға жылыжай құралдарын сатып алып, қияр өсірумен айналысуда. Жылына 3 тонна қияр өндіріп отырған шаруашылық иесі алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтуды жоспарлауда.

«Ата- бабамыз егіншілікпен айналысқан. Сол ұмыт болып қалған дәстүрді осы «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, жүзеге асырып отырмыз. Жоба кәсіп ашамын деген адамға үлкен көмек. Қазір жылыжай кәсібінің қыр-сырын толық игеріп алдық. Алдағы уақытта қияр өнімін тек өсіріп қана қоймай, оны әрі қарай терең өңдеу, консервілеу, маринадтау жұмыстарын да қолға алсақ»,- дейді Алма Ысмайлова.

Мәжілістегі фракция мүшесі мұнан соң кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаеваның шұлық цехында болды.

Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы 5 млн. теңге несие алып, шұлық өнімдерін шығаратын құрал жабдықтар сатып алып алған. Қазір үйінің алдынан шағын цех ашып, жұмыс жасауда.
«Жобаның мүмкіндігі жоғары. 2,5 пайызбен аласың, әрі төлем каникулы да қарастырылған. Бүгінгі күні 1 азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Күніне 200, 300 кейде 400 данадай шұлық шығарамыз. Алайда өнімді сату мәселесі де бағдарламада қарастырылса. Яғни, әлеуметтік дүкендерде сатуға рұқсат берілсе»,- дейді Сәрсенкүлдің жолдасы Қайратбек Әбдіраман.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кәсіпкердің өтініші бойынша алдағы уақытта жұмыс жасайтындығын жеткізді.

«Жалпы елді аралап жүргенде «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылар өте көп. Бұл халықты еңбек етуге, табыс табуға үйретіп отыр. Сондықтан жобаны насихаттауды күшейту керек. Осындай жобалар туралы кең ақпарат алу үшін арнайы платформа әзірлеу керек. Екіншіден, кәсіпкерлер жобада өндірген өнімді сату мәселесі қарастырылса, әлеуметтік дүкендерде сатуға рұқсат берілсе дейді. Расымен де әлеуметтік дүкендерде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген деген сөре неге болмасқа. Алдағы уақытта осы мәселелер бойынша жауапты органдармен жұмыс жасайтын боламын»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов.

Халық қалаулысы сондай-ақ жоба аясында іске қосылған көрпе тігу цехының жұмысын да көрді.

Анықтама: «Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылы бөлінген 3 млрд қаржыға Сыр өңірінде 1 томат пастасы цехы, 34 жылыжай ашылып, 671 асылтұқымды төрт түлік алынған. Сонымен бірге, 21 сүт және ет өнімдері өндірісі ашылып, 66 ауыл шаруашылығы техникасы әкелінген. Оған қоса 14 балық, 18 құс шаруашылығы іске қосылды. Жоба қатысушыларының арасынан 38 адам кондитер және нан өнімдерін пісірумен айналысып, 3 гидропоника, 7 жиhаз, 34 пластикалық өнімдер мен кұрылыс материалдары өндірісі, 98 қызмет көрсету орны ашылды. Биыл жоба аясында 4 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл жолы да негізгі басымдық өңірдің ерекшелігіне қарай өндірістік жобаларға берілмек.

БӨЛІСУ