Қала әкімі Серік Қожаниязов жексенбі күні шаһардағы сквер-аллеялар мен саябақтарды аралап, абаттандыру және көгалдандыру барысында атқарылған істің нәтижелерін, әлі де жасалуы тиіс жұмыстардың жайын сүзгіден өткізді.

Алдымен қалалық мәдени және демалыс паркіндегі тазалық талаптарының орындалуына және ойын алаңдары мен аттракциондардың техникалық қауіпсіздігіне назар аударды.

«Жаз маусымында қала халқының уақыттарын тиімді, әрі көңілді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында барлық жағдай жасалуда. Десе де, саябақ таза демалыс аймағы болу керек. Жаз – еркін тынығуға қолайлы мекен іздейтін маусым. Саябақ сауда-саттық орны емес, ол тынығушылардың талғамына сай жабдықталып, сапалық стандарты сақталуы қажет» – деді, Серік Салауатұлы.

Қыркүйек айынан бастап облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, осы паркте қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Осылайша демалыс орталығы жаңаланып, жайлы тынығу орнына айналады.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруімен қала өмірінде өскелең өріс қанат жайды. Қарқынды құрылыс алаңына айналған шаһарымыз өсіп-өркендеумен қатар, еліміздегі ең таза қаланың бірі атанды. Оның бір дәлелі – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы арқылы ауқымды жұмыстар атқарылып, алдағы уақытқа да мол міндеттер жүктелді.

БӨЛІСУ