ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары С. Егізбаев, Ж. Дайрабаев, Е.Саурықов, М.Жайымбетов Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары барысында «Ер-Әлі» шаруа қожалығының Сыр маржанын күтіп баптау және су үнемдеудің жаңа әдістерімен танысты.

Сондай-ақ, судың қадірін түсінген шаруа қожалық қалдық суды қайта өңдеу арқылы Аққыр ауылдық округіне күріш екті. 120 га жерге егілген сыр салысының бүгінгі көгі жақсы.

Тың технология мен жаңа техника игерген шаруашылықтың бүгінгі тіршілігі ширақ. Мал азығын дайындауда жоңышқа оруға әкелінген тракторлар жұмысшының да, шауашылықтың да жұмыс үдерісін жеңілдетіп, оң нәтижеге жетелеуде.

Ауыл халқының бүгінгі тыныс, тіршілігіне куә болған ел ағалары, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының алма бағында тамшылату әдісі арқылы өскен жеміс ағаштары бағымен танысты. «Ер-Әлі» атауымен нарықта өз орнын қалыптастырған жергілікті өнімге халық қалаулыларының ықыласы бөлек болды.

Шаруашылық алма бақтың бағбаны ретінде қаз балапандарын әкеліп, құс етін өндірумен айналысу үшін жаңа бастаманы қолға алды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіруде де Жалағаш ауданы бойынша «Ер-Әлі» шаруа қожалығы көш бастап тұр. Балама кәсіптердің қатарына қазіргі таңда балық шаруашылығы да қосылған.

Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс, жайлы баспана және жаңа көлікпен қамтамасыз етіп, туған жердің гүлденуіне үлес қосып отырған «Ер-Әлі» шаруа қожалығының жұмыс барысы мәжіліс депутаттарының оң бағасына ие болды.

БӨЛІСУ