Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес Жалағаш кенті тұрғындарымен кездесу өткізді.

Халықпен кездесуде 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар айтылып, халықтың талап тілегі тыңдалды.

Күн сайын жаңарған Жалағаш кентінде жаңа жобалар қаржылық қолдау тапты. Жалағаш кентінің орталығынан бүгінде «Руханият» орталығының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда «Ақтерек» мөлтек ауданынан 300 орындық мектеп құрылысын салу қолға алынуда.

Жалағаш кентінде орналасқан мемлекеттік мекемелерді газдандыру мәселесі түбегейлі шешілуде. Биыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін және Жалағаш кенті әкімі аппараты ғимаратының жылу жүйесін табиғи газға қосу, №246 орта мектеп ғимараты мен №123 мектеп-лицейі ғимаратының бу қазандығын газбен ауыстыра отырып реконструкциялау жұмыстары жасалады.

Тұрғындардың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғын үй қорынан 100 тұрғын үй сатып алуға арнай республикалық бюджеттен қаржы қаралды.

Жалағаш кентіндегі Үркімбаев көшесі №1, №2 тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алдынды.

Жалағаш кенті тұрғындарымен кездесуде қозғалған көшелерге асфальт төсеу мәселесі бойынша аудан әкімі 11 көшенің жоба сметалық құжаты дайын тұрғанын жеткізді. Жалағаш кенті орталығын абаттандыру жобасы қаржыландыруға ұсынылған.

Халықпен кездесуде көтерілген барлық мәселені толық шешуге жүйелі жұмыс жасайтынын айтқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов, кез келген уақытта тұрғындар талап тілегін тыңдауға дайын екенін жеткізді.

Халықпен кездесуге аудан әкімімен бірге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, алқа билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, Жалағаш кенті ардагерлер, құқық қорғау органдарының басшылары мен бөлім, мекеме басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

БӨЛІСУ