Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халықпен кездесу мақсатындағы жұмыс сапары Қаракеткен және М.Шәменов ауылдық округтерінде жалғасты.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Жалағаш ауданында өткен тұрғындармен кездесулерде көтерілген маңызды міндеттер кезең-кезеңімен оң шешім тауып келеді.

Мәселен, Қаракеткен ауылдық округі мен Далдабай елді мекенінің халқы үшін маңызға ие дәрігерлік амбулатория құрылысы республикалық және облыстық бюджеттен қолдау тапты.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов тұрғындардың әр кездесу сайын айтқан талап тілегі Президентіміздің қолдауымен, үкімет басшысының және облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Ауыл халқының әлеуетін арттыру бағытындағы жаңа жобалар легі М.Шәменов ауылында да жалғасын тапқан.

2024 жылы М.Шәменов елді мекеніне кіреберіс аудандық маңыздағы 1,4 шақырым автомобиль жолы күрделі жөндеуден өткізіледі. Жол мәселесі оң бағытқа қойылған ауыл тұрғындары үшін ауылды толықтай газдандыру жұмыстары жүргізіледі.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелерді негізге ала отырып, алдағы жоспарларға қосатынын жеткізді.

Халықпен кездесулерде аудан әкімімен бірге облыстық мәслихат депутаты Әмір Шаймағанбетов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

БӨЛІСУ