Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Үкімет басшысы Олжас Бектенов бастаған делегацияның Сыр өңіріне жасаған сапарының қорытындысы, берілген тапсырмалар, Қызылорда қаласындағы кейбір мәселелер туралы талқыланды.
«Кеше облысқа ресми жұмыс сапармен келген Үкімет делегациясы өңірдегі жұмыстармен танысты. Қарқынды құрылыс алаңына айналған облыс орталығындағы нысандарға тоқтады.
Биыл Мемлекет басшысының қолдауымен қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты. Қала мен оған қарасты елді мекендерде көшелер жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Үкімет басшысы қолға алынған жұмыстарға оң бағасын берді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласындағы 2022-2023 жылдары жөндеуден өткен, кепілдік мерзімі бар көшелерді визуалды қараудан және бақылаудан өткізгенде бірқатар кемшілік анықталды. Атап айтқанда, алдыңғы жылы жөнделген 49 көшенің 15-інен, былтыр жөнделген 56 көшенің 11-інен ақау шыққан. Қала әкімі Серік Қожаниязов осы кемшіліктерді түзетуде атқарылған жұмыстарды баяндады. Қызылорда қаласы әкімдігіне келісім-шарттағы кепілдік мерзіміне сәйкес іс-шара жоспарын бекітіп, анықталған ақауларды 1 ай ішінде қайта қалпына келтіру жөнінде тапсырма берілді.
Жиында құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылары жаңа нысандар құрылысы, инфрақұрылым желілерін дамыту туралы баяндады. Атап айтқанда, сол жағалаудағы құрылыстар, алдағы жылу маусымына дайындық, ескі көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлары талқыланды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер мен ұсыныстар бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.