Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, ақын, «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерінің және «Ерлігі үшін» медалінің иегері, Әлеуметтік қамсыздандыру ісінің үздігі Бәкір Өтеповтің 100 жылдығына орай өткізілген ғылыми конференцияға қатысты. «Жауынгер, журналист және өз заманының жылнамашысы» тақырыбындағы конференцияны аудандық мәслихат депутаты, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы жүргізіп отырды.

Танымдық іс-шарада аудан басшысы көрнекті қоғам қайраткерінің өмір жолы мен қызметіне тоқталды.

– Қазақта «Асыл туған адамның алтын жетпес нарқы бар» деген ұлағатты сөз бар. Бәкір ағамыз еңбек жолын 1941 жылы «Қызылдихан» колхозында агроном ретінде бастаған. Ал 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, бейбіт өмір үшін отты жолдардан өтті. Соғыстан кейінгі жылдары «Қызылдихан» колхозында, ауданда түрлі партиялық және мемлекеттік органдарда абыройлы қызмет атқарды. Ардақты азамат іргелі ауданның қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Аудандық газетте көптеген мақалалары жарияланып, Бәкір Өтеповты аудан жұртшылығы қаламгер ретінде де таныды. Ұзақ жылдар бойы аудандық газетте қызмет етіп, бас редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Аудан жаңалықтарын жеткізуде еңбек сіңіріп, республикалық «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас» газеті мен «Ара» журналына мақалалары тұрақты жарияланып отырған. Майдангер журналисттің «Отты жылдар», «Көңіл сыры», «Жауынгер ерлігі» атты кітаптары жарық көрген. Артында қалдырған мұралары – бүгінде өшпес тарих. Қоғам қайраткері құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық істерге белсене араласты. «Ер еңбегімен өлшенеді» дейді дана халқымыз. Ардақты ағамыз Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 15-тен астам медальдармен марапатталды. Бүгінде аудан орталығында бір көше Бәкір Өтеповтың есімімен аталады. Парасаттылығымен танылып, бар білімін, күш-жігерін елге жұмсаған Бәкір Өтеповтың есімі мәңгі ұмытылмайды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ғылыми конференцияда жауынгер журналисттің отты жылдардағы ерлігі, өңір дамуына қосқан қызметі, отбасындағы өнегесі дәріптелді. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәтбай Тастанбек, «Әлімсақ» журналының және «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, журналист, әдебиетші ғалым Нұрлан Нұрмаханов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ-нің аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов майдангердің өнегелі өмір жолынан құнды ақпараттар берді. Танымдық іс-шара қорытындысында ұрпағы, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Әмірхан Бәкірұлы сөз сөйлеп, ғылыми конференцияны ұйымдастыруға атсалысқандарға шынайы ризашылығын жеткізді.

БӨЛІСУ