Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов мемлекеттік қызметшілер және Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шараға қатысып, білікті қызметкерлерді марапаттады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір қызметшінің отаншыл, адал болуы және өз ісіне жауапкершілікпен қарауы өте маңызды» екенін айта келе, полиция мен мемлекеттік қызметшілерге ерекше сенім білдірді.

Мемлекеттік қызметші мен полиция қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін, қызметтің оң имиджін көрсетеді, олардың мәртебесі мен абыройы – Отанға, халқына адал қызмет етуімен бағаланады. Сондықтан да жаңа дәуірдегі бұл мамандық иелері әрдайым парасат биігінде болуы қажет. Себебі халықтың билікке деген сенімі сіздер мен біздерден бастау алады.

Ел үшін еңбек еткен адамның қашанда еңсесі биік, мұраты асқақ, болашағы баянды болады.
Әрдайым анттарыңызға адал болып, «ел қорғаны», «халық жанашыры» деген атақты абыроймен алып жүрулеріңізге тілектеспін»,-деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Салтанатты шарада елдің кемел келешегін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге Мемлекеттік қызметкерлер салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, Облыс әкімінің «Алғыс хаты», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының «Алғыс хаты» және аудан әкімінің құттықтау мен алғыс хаттары табысталды.

Мерекелік шараға жиналған қалың көрермен аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне куә болды.

БӨЛІСУ