Еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам дәрігер, медбикелер, оқытушылар, ғалымдар, медициналық ұйымдардың басшылары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен сарапшылар «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында Астана қаласында бас қосты. Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, отандық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.Жаңа диалог алаңының алғашқы жиыны Nazarbayev University медицина мектебінде өтті. «Дәрігер Talks»-тың ерекшелігі – мұнда дәрігерлер денсаулық сақтау саласын дамыту аясында өмірдегі және кәсіптегі өздерінің жеке қалыптасу тарихымен бөліседі.

Алқалы жиынға Сыр өңірінен бір топ делегат қатысқан болатын. Олардың қатарында Облыстық онкология орталығының химиотерапевт дәрігеріміз Юн Виктория Викторовна Республикалық ұйымдастырылған конкурстан жеңіп, Астана қаласындағы шараға жолдама алды.

Юн Виктория Викторовна-дәрігерлік қызмет пен отбасы тәрбиесін қатар ұстап, ырысы мен берекесі тарқамаған ұлты кәріс болсада қазақ шаңырағының келіні болып жүрген AMANAT партиясының белсенді мүшесі. Адам өмірінің сақшысы бола білген ақ халатты абзал жан, ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шыға білетін білімді де білікті дәрігер.

Виктория елімізде онкологияны емдеудің жаңа әдістері енгізіліп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңа онкологиялық орталықтар салынып жатқанын тілге тиек етіп, Аспирантурада және алыс жақын шетелдердегі тағылымдамадан алған тәжірибесімен жоғары дозалы химиотерапия әдісін облысымызға енгізіп келеді.

Шара барысында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қуаныш Ерғалиев кәсіби қызметіндегі еселі еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.

Атап айтсақ, Қуаныш Ерғалиев дәрігеріміз Юн Виктория Викторовнаға «AMANAT» партиясы мен Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлері ассоциациясының «Мейірімді жүрекпен» төс белгісін табыстады.

Елімізге адал қызмет етіп, халық денсаулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп жүрген абзал жан Юн Виктория Викторовнаны марапатымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, жұмыста әрқашан абыройлы болуды тілейміз.

БӨЛІСУ