Қазақстанда 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

 Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде байланыс сапасын одан әрі жақсарту туралы цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндады.

 Бүгінгі жағдай қалай

Қазақстанда интернетті қолдананатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде. Республикада трафиктің өсуі 2020 жылға қарағанда 61,5%-ға, ал абоненттер саны 12,9%-ға өсті. 

Speedtest Ookla-ның 2024 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес, еліміз интернеттің орташы жылдамдығы бойынша – 43,6 Мбит/с, әлем бойынша 66-орында.  Бұл Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан жоғары көрсеткіш.

  Ауылдардағы интернет

Қазақстанда 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет арқылы оптика 2 606 ауылға жеткізілді. Ұлттық жоба шеңберінде МЖӘ тетігі арқылы 3010 ауылға оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде. 

«Соңғы» тұтынушы болмаған жағдайда шағын және орта байланыс операторларының күрделі шығындарының 50%-ын субсидиялау тетігі пайдаланылады. 

Нәтижесінде 2,4 млн адамның интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етілмек. Байланыс операторларынан 340 млрд теңгеден астам көлемде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. 

Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда қолжетімді. Салық жеңілдіктері аясында 2023 жылы 1 161 ауыл 4G технологиясына қосылды. Қалған 1 424 ауыл бойынша жұмыс жалғасуда. 

 5G технологиясын енгізу 

Кселл және Теле2 операторлары Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында 5G байланыспен қамтуды кеңейту жұмыстарын жалғастырады. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станса орнатылған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.   

2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары телекоммуникация саласына 450 млрд теңгеден астам инвестиция салатын болады.

  Жаңа жүйелік шаралар

– елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында байланыс желілерінің инфрақұрылымы көзделетін болады; 

– базалық стансалардың радио сигналының шекті рұқсат етілген деңгейі бойынша нормативтерді қайта қарау ұсынылады. Дамыған елдер мен тіпті жақын шетелдермен салыстырғанда Қазақстанда 10-20 есе қатаң нормативтер бар; 

– Министрлік әкімдіктермен және операторлармен бірлесіп қалалардағы нашар байланысы бар «ақ дақтарды» жоюды жалғастырады; 

– мемлекеттік мекемелерде базалық стансаларды орнатуға рұқсат беру үшін өзгерістер енгізіледі (мемлекеттік құпияларды қорғау бойынша арнайы орын жоқ); 

– Voice over Wi-Fi (VoWiFi) технологиясын, яғни дәстүрлі ұялы желілердің орнына Wi-Fi желілері арқылы дауыстық қоңырауларды іске қосу мәселесі пысықталуда. Бұл ұялы байланыс нашар жерлерде (паркингтер) байланыс сапасын жақсартуды қамтамасыз етеді; 

– еліміз бойынша байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды мониторингілеу үшін «Телекоммуникациялардың цифрлық картасы» іске қосылады. Әрбір адам елді мекендердегі байланыс сапасының проблемаларын және оларды жою жоспарларын көре алады, сондай-ақ кез келген орын бойынша өз бағасын бере алады. Сілтеме Министрліктің сайтында орналастырылған.

БӨЛІСУ