Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында кезекті Өңірлік кеңес отырысы өтті.
Жиынға Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, кеңес мүшелері (сонымен қатар бейне конференц байланыс арқылы), Палата директорының міндетін атқарушы Салават Құлмахан, палата қызметкерлері және Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ақерке Ахметова қатысты.
Күн тәртібіндегі тақырып көптеген кәсіпкердің көкейінде жүрген облыс тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы болды. Тақырыптың өзектілігі жиынның алғашқы минуттарынан ақ байқалды. Өңірлік кеңесте жүздеген, тіпті мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер бар. Және олардың көбі қазіргі таңда кадр жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет кездесуде, осы орайда аталмыш басқарманың көмегі бизнес өкілдеріне ауадай қажет.
Қаламызда «Q-MED» клиникасымен танымал кәсіпкер, кеңес мүшесі Раушан Базарбай өз кәсібін бастағалы осы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шапағатын көріп келетінін айтып, алғысын білдірді. Оның сөзінше клиникада кезінде жастар практикасымен келген жас мамандар қазіргі уақытта білікті қызметкер атанып, жұмыстарын жақсы орындауда.
Сонымен қатар, Қармақшы ауданындағы «Қармақшы құс» мекемесінің басшысы, кеңес мүшесі Нұрлан Іздібаев керісінше басқарманың көмегіне кадр мәселесімен қанша жүгінгенімен, олардан кері байланыстың болмауын айтты.
Осы ретте кеңес мүшелері барлық кәсіпкерлердің атынан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына кадр тапшылығы мәселесін бірлесіп шешуге ұсыныс білдірді. Басқарма өкілі өз ретінде ұсынысты қолдап, жұмыс орындарына кадр жіберу мәселесін әлі де жетілдіруге жұмыс жасайтынын айтты. Жиын барысында бұл мәселенің өзектілігіне байланысты тағы да кездесу өткізу жоспарланды.

БӨЛІСУ