Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Әкелер күні мерекесіне орай мерекелік іс-шара өтті.

«Әке – асқар тау, биік шың» тақырыбындағы салтанатты іс-шарада аудан басшысы ардақты әкелерді мерекемен құттықтады.
– Әке – отбасының асыраушысы, басты тірегі, қамқоршысы. Бұл күн – асқар тау әкелерді ардақтайтын, отбасы құндылықтарын ұлықтайтын мереке. Қазақ мәдениетінде әке отбасы құрылымында құрметке және беделді орынға ие. Ол отбасын асырауға, олардың мүддесін қорғауға және олардың амандығын қамтамасыз етуге жауапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі қоғамдағы әкенің рөліне ерекше басымдық беру керектігін атады. Отбасындағы әкенің тәрбиесі болашақтың қалыптасуына ықпал етеді. Сол себепті елдің, отбасының қорғаны болатын ардақты әке тағылымы, өнегесі дәріптелуі тиіс. Бұл ретте, ауданда ардагерлер кеңесі, әкелер мектебі, билек кеңесі секілді қоғамдық ұйымдар арқылы ер азаматтар ардақталып, жастарға олардың өмірі үлгі етілуде. Соның негізінде әкенің қоғамдағы беделі артып, ұрпақтар тағылым алуда. Сондықтан дана халқымыз «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп бекер айтпаған. Қазіргі таңда аудан халқының 49 пайызын ер азаматтар құрайды. Олар мемлекеттік қызметте, құрылыс, білім, денсаулық секілді әралуан салада, егістік басында еңбек етіп, отбасының берекесін келтіруде. Сондықтан қай уақытта да әкеге, елдің мерейін асыратын азаматтарға деген құрмет толастамайды, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Құттықтаудан соң аудан басшысы ауданның дамуына үлес қосып жүрген еңбек ардагерлері мен ер азаматтарға «Құттықтау» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті. Мерекелік іс-шарада әкелердің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.

БӨЛІСУ