Бүгін аудандағы барлық орта мектептерде бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындап, білім ордасын тәмамдаған 420 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Аудан орталығындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде өткен аттестат тапсыру рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, мектеп бітіруші барша түлектерге сәттілік тіледі.

“Бүгінгі күн, ертеңгі тарих. Сіздер үлкен өмір атты ұзын жолдың алғашқы баспалдағын аттап, алдағы биік сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Әрқайсыларыңыз ертеңгі елдің тұтқасын ұстар жалынды жастарсыздар. Сіздердің тәуелсіз еліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосар, туған жердің даңқын асқақтатар білікті маман иесі болуларыңызға тілектеспін. Жаңа өмірге басқан қадамдарыңыз сәтті болсын!”, –деп ізгі лебізін білдірген аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов жас түлектерге салтанатты түрде аттестат табыстады.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер сөз алып, ұстаздарына алғыстарын айтып, олардың артқан сенімдерін ақтауға тырысатындықтарын жеткізді.

Салтанатты шара одан әрі мектеп бітіруші түлектердің концерттік бағдарламасымен жалғасты. Айта кетейік, биылғы жылы аудан бойынша 6990 оқушы оқу жылын аяқтаса, 420 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. 11 жыл бойы алған білімі сыналатын ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігінде №114 орта мектептен Нәрікбай Нейла 127 балл, Бақтиярұлы Рамазан 120 балл, Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептен Қоңтай Ақнұр 127 балл, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінен Айнабек Алмассұлтан 130 балл, Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінен Қарғабай Назерке 122 балл, Русланұлы Даниял 128 балл жинап, аудан мерейін үстем етті.

БӨЛІСУ