Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысы, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өтті.

Кеңестен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта туризмді дамытуға қатысты бірқатар міндеттерді айқындады.

«Мемлекет басшысы жаңа ғана осыған байланысты мәселе көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Туризмді дамыту арқылы біз өңірдің экономикалық жағдайының жақсара түсуіне, әлеуметтік түйткілдердің шешілуіне қол жеткіземіз. Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері облыстың даму бағдарламасындағы әрбір индикатор бойынша тоқсандық және жылдық межені орындауы керек. Қала және әр ауданда жыл соңына дейін құны кемінде 300 млн теңгеден кем емес 1 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуын қамтамасыз етсін. Жалпы І жартыжылдықтың қорытындысымен инвестицияның жылдық жоспарының 50%-ын орындау қажет», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Айта кетейік, биыл өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы жарияланып, наурыз айында Пекин қаласында атаулы жылдың ашылу салтанаты өтті. Осы шарада туристік операторлар мен туристердің «Байқоңыр» ғарыш айлағына қызығушылығы жоғары екені байқалды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағынан ыңғайлы туристік бағыттар таңдалып, ортақ туристік пакет әзірлеу келісілді. Жыл басынан бері «Байқоңыр» ғарыш айлағын тамашалауға 3 мыңға жуық турист келген.

Сондай-ақ, сәуір айында Еуроодақ елшілері Сыр өңіріне арнайы келіп, облыстың инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Экотуризм бағытымен Арал ауданындағы “Көкарал” бөгетіне, Кіші Арал теңізіне барып, ондағы сексеуіл егілген теңіз табанын тамашалады.

Аймақтың туристік мүмкіндігін арттыру және ішкі туризмді дамыту үшін жаңа автовокзал пайдалануға берілді. Ал, сыртқы туризмді ілгерілетуге мүмкіндік беретін “Қорқыт ата әуежайының” жаңа терминалы қолданысқа дайын.

Өңірде алғаш рет “Қызылорда – Анталья” бағытындағы халықаралық рейс ашылды. Тұрақты рейс Қызылорда мен Анталья арасына аптасына бір рет, сейсенбі күні қатынайды.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің бекіткен жоспар межесіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысымен, туризм саласына салынған инвестиция көлемі 5,1 млрд теңгені құрап, жылдық жоспар 41,5 пайызға орындалды.

Осы жылдың І тоқсанының қорытындысына қарағанда, ішкі туристер 25,3 мың, сыртқы туристер 595 адам болған.

Ішкі туризмді дамытуда туристік маршруттар бойындағы туристік, мәдени-тарихи нысандардың инфрақұрылымын жақсарту маңызды. Осы ретте, “Қамбаш” көлі, “Жанкент” қалашығы мен Марал ишан кесенелерін қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобалар «Kazakh Tourism» ҰК АҚ жасақтаған тізімге қосылған.

Еліміздің туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ТОП-20 басым жобалар тізіміне облыстан “Байқоңыр” кешені енгізілді.

БӨЛІСУ