Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Франция Президентінің арнаулы өкілі Барбара Помпили бастаған делегациямен кездесті.

Аймақ басшысы екі ел арасында жоғары деңгейдегі тұрақты байланыс пен ерекше достық қарым-қатынас орнағанын атап өтіп, делегацияның жұмыс сапары жемісті әрі нәтижелі болуына тілектестік білдірді.

«Біздің еліміз, оның ішінде біздің аймағымыз Францияның инвестициялық және сауда-экономикалық серіктесі болып саналады. Бүгінгі сапарыңыз ынтымақтастыққа оң серпін беретініне сенімдімін.

Су ресурстарын тиімді пайдалану – бүгінде біздің өңір үшін ғана емес, Орта Азияның барлық мемлекеттері үшін маңызды және өзекті мәселе. Қызылорда облысының экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзенінің деңгейіне, Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты. Сырдарияға құйылатын судың 90%-дан астамы республикадан тыс жерлерден, яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келеді. Біздің облыс өзеннің төменгі ағысында орналасқандықтан, су соңғы кезекте жетеді. Сондықтан қазір біз үшін суды үнемді, ұтымды және әділ пайдалану мәселесі аса маңызды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өз кезегінде, Барбара Помпили облыс әкіміне ризашылығын, әріптестік аясын кеңейту ниетін білдірді.

Айта кетейік, делегация мүшелері сапар барысында «Қорқыт Ата» мемориалдық кешенінің, Арал қаласындағы «Балықшылар» музейінің және балық өңдеу зауытының жұмысымен танысады. «Көкарал» бөгетіне барып, Қазалы ауданындағы орман питомнигін аралайды. Мұнан бөлек, Жалағаш ауданының Таң ауылындағы күріш алқаптарын көреді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне және «Анаға тағзым» орталығына барады.

БӨЛІСУ