Су айдындарындағы қарапайым ережелерді сақтамау салдары, яғни тыйым салынған орындарға суға түсу, балалардың үлкендердің қарауынсыз жағажай аумағында жүруі, масаң күйде суға түсу әртүрлі қайғылы оқиғағаларға әкеп соқтыруда.

Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев айтып өтті.

– Су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ пен басқарма қызметкерлері бірлесіп, суға шомылуға тыйым салынған 18 қауіпті аймақта күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Аталған қауіпті аймақтарда «Шомылуға тыйым салынады!» тақырыбындағы 20 дана ескертпе тақтайшалары жаңартылып, 115 тақтайша қайта орнатылды, – деді Ғабит Бабаев.

Суға түсу маусымы басталғаннан бері су айдындарында 35 рейд өткізіліп, қала тұрғындарына судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Сондай-ақ, қала аумағында орналасқан колледж студенттеріне, мектеп оқушыларына, сондай-ақ ата-аналарға «Су айдындарындағы қауіпсіздік» бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, республикалық «Kundelik.kz» платформасында төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертетін ақпараттық жадынамалар орналастырылды.

БӨЛІСУ