Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда.
Қызылорда облыстық прокуратурасының үйлестірумен әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңашыл өзгерістерді қолдану мәселелері дөңгелек үстелде талқыланды.
Іс-шараға прокуратура, сот, адам құқықтары жөніндегі өкіл, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, әйелдер кеңесінің мүшесі, облыстық білім басқармасы, адвокаттар қауымдастығы, сарапшылар және құқық қорғау органдары басшылары қатысты.
Дөңгелек үстелді облыс прокуроры Р.Ожаров кіріспе сөзімен ашып, әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің қатаңдатылғаны туралы айтып өтті.
Сондай-ақ, отбасы институтын және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалардан тұратын негізгі 15 Заңға өзгерістер енгізілгендігіне тоқталды.
2023 жылы облыс бойынша әкімшілік соттарды қасақана жеңіл дене жарақатын келтірумен 927 (24ж. 5 айда – 402) іс қаралып, 389 (122) адам жауапқа тартылған.
Ұрып-соғу бойынша 553 (24ж. 5 айда – 315) іс қаралып, 211 (107) адам жауапқа тартылған.
Жиында заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда аталған әкімшілік құқық бұзушылықтың барлығы қылмыстық құқық бұзушылық санатына өтетіні сөз болып, тергеу барысында туындайтын проблемалық мәселелер мен дайындық жұмыстарының жай-күйі пысықталды.
Баяндамашылар тергеу кезіндегі орын алатын проблемалық мәселелердің оңтайлы шешу жолдарын ұсынды.
Нәтижесімен қатысушылар тиімді тергеу тәжірибесін қалыптастыру бағытында нақты іс шаралар белгіледі