Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, “Бесарық” ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Еске салсақ, өткен жылдың қорытындысымен бұл ауыл «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанған еді.

Қазір бірқатар игі жобалар жүзеге асуда. Спорт кешенінің құрылысы 2022 жылы басталды. Жобаның жалпы құны – 389,2 млн. теңге.
Ауыл халқының спортпен тұрақты шұғылдануына оңтайлы мүмкіндік жасайтын нысан құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС салуда. Бүгінде ішкі жұмыстары жүргізіліп, спорттық құрылғылар орнатылуда. Нысан биыл пайдалануға берілмек.

Аймақ басшысы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа бірқатар тапсырма берді. Ауылда салынатын әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын мұқият қадағалауды және тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын күнделікті бақылауды міндеттеді.
Айта кетейік, жыл басында Сырдария ауданының бюджеті 10,3 млрд. теңге болып бекітілсе, 4 айдың қорытындысымен 11,6 млрд. теңгені құрады. Бюджеттің 65 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылым салаларын дамытуға бағытталды. Жыл басынан қаңтар-сәуір айларында ауданның өнеркәсіп орындары 30,8 млрд. теңгенің өнімін өндірді, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 160 пайызды құраған. Негізгі капиталға 20 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 123,7 пайыз болды.

«Абай-Дәулет» ЖШС. Мекеме директоры жем зауыты, түйе шаруашылығы, өнімдер жәрмеңкесімен таныстырды. Мұндағы тірлік те қарқынды. Облыс әкімі 2016 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан жем дайындау цехының жұмысын жоғары бағалады. Қазіргі таңда сағатына 3 тонна өнім өндіретін цехта 7 адам жұмыс істеуде.

Шаруашылықтағы қой фермасының да аяқалысы бөтен емес. Қожалықтағы асылтұқымды қой саны 5 мыңнан асады. Бұл жерде бордақылау пункті мен зертхана бар. Ал түйе фермасында күніне 100 литр шұбат өндіріледі. Сондай-ақ, ауызсу кешені, сағатына 2500 келі комбикорм дайындап шығаратын зауыт, 5000 тонна жем сақтайтын қойма, шөп сақтайтын қораларда барлық техникалық жабдық жеткілікті.

– Біздің негізгі кәсібіміз – күріш өсіру. Кейінгі бес  жылда жұмыс қарқыны күшейді. Соның арқасында ауыл адамдарын жұмыспен қамтыдық. Мұнда қазір 170 адам жұмыс істейді. Шаруашылықта бұдан бөлек, күріш зауыты мен алма бағымыз бар. Өнім сапасы жақсы болғандықтан, сұраныс та жоғары.  Ал төрт түлік малға келсек, қазір сүт өнімдерін қолжетімді бағада қалаға сатып жатырмыз, – деді «Абай-Дәулет» ЖШС-ның директоры Мұрат Сәрсенбаев.

БӨЛІСУ