«Сумен, электрмен, газбен жабдықтау нысандарындағы жағдай және жылыту маусымына дайындық барысы фракция отырысында талқыланды.
Бүгін облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Онда фракция мүшелері аймақтағы су, электр, газбен жабдықтау нысандарындағы жағдай және жылыту маусымына дайындық барысын қарады.
Фракция отырысына облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова сонымен қатар жауапты сала басшылары қатысты.
Жиынды ашқан фракция жетекшісі Жорабек Нұрымбетов ең алдымен күн тәртібінде 1 ғана мәселе болғанымен оның бірнеше тақырыптарды қамтитындығын атап өтіп маңыздылығана тоқталды.
«Су – тіршілік көзі. Ауыз су мәселесі бойынша назар аударатын елді мекендер бар. Электрмен қамту бойынша жаңбыр және жел тұрған күндері жағдай сын көтермейді. Газбен қамту бойынша аймақта өте қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған жұмыстарға халық та ризашылығын білдіруде. Дегенмен әне-міне дегенше қыс та келеді. Жылыту маусымына да барлық жағынан дайын болуымыз керек», – деді фракция жетекшісі.
Жалпы өңірде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,4 пайызды құрайды. Облыс аумағында орналасқан барлық қалалар және 230 ауылдық елді мекеннің 204-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Өткен жылы орталықтандырылған ауыз суға қосылмаған 32 елді мекенінің бүгінгі күні 6-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қалған 26 елді мекенді 2025 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамту мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында 10 491 шақырым электр желісі және 2 008 дана қосалқы станция бар. Олардың тозу деңгейі 66 пайызды құрайды. Өткен жылы 677 шақырым электр желісі жүргізіліп,
135 дана қосалқы станциялар орнатылған. Ағымдағы жылы электр жүйелерін жаңғыртуға 11 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Бөлінген қаржыға 786 шақырым электр желісі жүргізіліп, 175 дана қосалқы станцияларға жөндеу жүргізіледі. Ал жылу желілерінің өткен жылы 8,7 шақырымы ауыстырылып, тозуы 2,9% төмендеген. Ал ағымдағы жылы 9,5 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылмақ.
Елді мекендерді газдандыруға келсек, өткен жылы облыста 12 елді мекен табиғи газға қосылып, газдандырылған ауылдық елді мекендер саны 35-ке жетті. Партияның Сайлауалды бағдарламасында ағымдағы жылы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету деңгейін 74% жеткізу жоспарланса, бұл өткен жылдың қорытындысымен 75% құрап, жоспар артығымен орындалып тұр. 2026 жылы бұл көрсеткішті 78%-ға жеткізу жоспарланса, ағымдағы жылы 11 ауылдық елді мекенге табиғи газ беріліп, облыстың газбен қамту деңгейі 78 пайызға, газдандырылған елді мекен санын 46-ы құрамақ.
Жиын барысында фракция мүшелері тарапынан күн тәртібіне сәйкес ұсыныстар ортаға салынып, өзекті мәселелердің алдын алу, жұмысты жетілдіру бағытында тиісті органдармен бірлесіп жұмыс жасалатын болды.