Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Бақдәулет Мақашов ашып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
Күн тәртібінде:Аймақтағы суармалы су тапшылығы мәселелері, өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмыстарының жүргізілу барысы қаралады.
Өңірдің аграрлық саласы тікелей Сырдария өзеніне тәуелді екені белгілі. Сондықтан, 2020 жылдан бастап Нарын-Сырдария каскадында орналасқан су қоймаларында жинақталатын су көлемінің төмендігінен егістікке су алу науқаны кезеңдерінде Сырдария өзенінің төменгі ағысында су тапшылығы жағдайы жыл сайын күрделенуде. Бұл тұрғыда облысымыздың егістік алқабын негізгі сумен қамтамасыз етуші Сырдария өзені Ферғана алқабының шығыс бөлігінде Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылуынан бастау алып, 2212 км қашықтықта орналасқан Арал теңізіне барып құяды.
Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өкілінің мәліметінше бүгінгі күні Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларындағы жинақталған су көлемі 16,3 млрд.м3. Өткен жылмен салыстырғанда 1,7 млрд.м3 артық, бұл жалпы сыйымдылықтың 61 % құрайды.Қазіргі таңда Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде барлығы 5217 млн.м3 су жинақталған.
2024 жылы 11-12 сәуірде Шымкент қаласында өткен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының кезекті № 86 отырысында ағымдағы жылдың вегетация кезеңіне Шардара су қоймасына 3692 млн. м3 су көлемі түсетіні болжанып белгіленген. Бүгінгі күні Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдарымен Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Асхат Оразбеков баяндап өтті.
Жалпы өңірде ағымдағы жылдың 5 айында өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғасы 31% азайған. Басқарма басшысының айтуынша өрттің алдын алу үшін азаматтарға ұдайы ескерту, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазірде өңірде орман өртінің алдын алу, алқаптарды төтенше жағдайлардан сақтау тетіктері жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 101 892 тұрғыны бар 89 елді мекенді өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз ететін 28 өрт сөндіру бекеті құрылған.
Облыс аумағында 1820 адамнан тұратын 137 ерікті өртке қарсы құрылым бар. Оның ішінде 150 адамнан тұратын 15 құрылым әділет органдарына қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген.