ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ САУДА БАЗАРЛАРЫН ЖАҢҒЫРТУ

Бүгін облыстық мәслихаттың Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, «Ақ жол» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Б.Сандыбаев және облыстық мәслихат депутаттары Ж.Нұрымбетов, Н.Сопбеков, Қ.Сақтағанов, Е.Искендер, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары және қала әкімінің орынбасары А.Кентуғаев сауда базарларының жай-күйімен танысу үшін бірқатар сауда базарларын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Депутаттар базардың құрылысы, жеміс-жидек, азық-түлік тауарларының сапасы мен бағасына назар аударып, базар әкімшілігімен, сатушылармен пікір алмасып, оларды толғандырған көкейде жүрген мәселелерін талқылады.
Атап айтсақ, Қызылорда қаласы аумағында 11 сауда базары жұмыс жасауда. Оның 5-еуі әмбебап базарлар болса, қалғаны мамандандырылған базарлар.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігімен бекітілген «Сауда базарларын жаңғыртудың жол картасына» 7,0 млрд. теңгені құрайтын 3 базар енгізілген («Сұлтан-2» базары 1,5 млрд. теңге, «Сыбаға» базары 1,5 млрд. теңге, «Асбол» базары 4,0 млрд. теңге).
Бүгінгі күні сауда базарларының құжаттары екінші деңгейлі банктерде қаралуда («Банкцентркредит», «Қазақстан Халық банкі» филиалдары).
Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап «Сұлтан-2» базарының бастапқы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізе бастады.
«Асбол», «Сыбаға» базарларын жаңғырту жұмыстары жол картасындағы мерзімде жүргізілетін болады.
Айта кетсек, базар маңындағы кәріз жүйелері ескірген. Осыған орай, халық қалаулылары тарапынан сауда базарларына кәріз жүйелерін ретке келтіру, жаңа ғимараттың кәріз жүйелерін қолданыстағы стандарттарға сай жасақтау ұсынылды.
Сондай-ақ, құрылыс уақытында жол, құрылыс қауіпсіздік шарттарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

БӨЛІСУ