Бүгін ауған соғысының ардагері, білім бөлімінің әдіскері Алдамбергенов Мұратбек Төремұратұлы 63 жастың белесіне шықты. Аудан орталығындағы №202 орта мектепте өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, мерейтой иесіне әскери салада жүріп кішіге қамқор болып, шығармашыл жастарға патриоттық тәрбие беруде өлшеусіз үлес қосқаны үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хат, сый-сияпатын табыстады.

Мұрат Төремұратұлы өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға ретінде, қызметтің ең қызықты да қиын саласын атқарып келді. Еңбекке ерте араласып, осы жолда көп белес-биіктерден өтті. Бүгінде еңбек жолы ұрпаққа үлгі-өнегеге айналған, ауған соғысының ардагері, білім саласында еселі еңбек еткен Мұрат Алдамбергенұлы асқаралы 63 жасы қоғамдық және жемісті еңбегінің нағыз кемеліне келген кезеңі.
Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Садықов, облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Ф.Досаев және орталық директорының орынбасары Е.Алпысбаев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің қызметкері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Т.Ахетов, “AMANAT” партиясы Жалағаш аудандық филиалының сектор меңгерушісі А.Кенжебаев мерейтой иесін құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.
Сонымен қатар ауған ардагерлері кеңесінің мүшелері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аудандардан келген әріптестері, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары, Мұрат Төремұратұлының отбасы мүшелері сөз алып, өнегелі өмір жолынан сыр шертті.
Салтанатты шара мектеп ұжымдары мен оқушыларының, Әуез мектебі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

БӨЛІСУ