Бүгін теңізді өлкеде жыл сайын жайдары жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін балғын бүлдіршіндеріміздің көңілді мерекесі «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» кең көлемде аталып өтті. Мереке мезіретінде аудан орталығындағы балықшылар аллеясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жеткіншектер ерекше әсерге бөленді. Оған аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов пен Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

Айдынды өлкедегі шырайлы шара шымылдығын өнерлі жастар ашты. Аудандық оқушылар үйі мен өнер мектебінің тәрбиеленушілері әсем әннен әуелетіп, мың бұралған бишілері көркем қимылдарымен айшықты шараның ажарын аша түсті. Артынша жас суретшілер қиялдарына ерік беріп, «Бақытты балалық шақ» тақырыбында қағаз шимайлады. Спортқа жақын бүлдіршіндер асық атып, отбасылық эстафетаға қатысты. Жеңіске жеткен жеткіншектер арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Балалар бар жерде құт-береке тасып, абыройымыз асқақтай беретіні сөзсіз. Тал бесікте тербеліп өскен балғындарымыз қашанда аман болсын!

БӨЛІСУ