1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен Жастар үйінің ұйымдастыруымен «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік іс-шара өтті.
Көңілді іс-шарада облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева, «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Мұхтар Ибраев, облыстық шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лайла Пашаева, Корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Денис Пак, қалалық ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция капитаны Айдос Прежекенов сөз сөйлеп, балаларға мерекелік лебіздерін білдірді.
«Жастар үйі» тәрбиеленушілері бұл күні ата-аналар мен келген қонақтарға арнап патриоттық әндер шырқады. Орталық тәрбиеленушілері Люба Нестерова мен Виктория Двоеглазова «Ана сен бақыттысың» жыр-шумақтарын ерекше тебіреніспен оқыды. Ал Рано Сабанкулова «Қобыз үні» күйін шертті.
Жастар шығармашылығын насихаттау, дарынды балалардың шығармашылық әлеуетін іске асыру, қызығушылығын арттыру, жандандыру мақсатын көздеген іс-шарада эстафеталық ойындар мен жылдамдыққа сурет салу сайыстары өтті. «Қоғамдық келісім» КММ мекемесі атынан орталық тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Мерекелік кешті «Жастар үйі» орталығының директоры Марат Жүсіпалиев қорытындылай келе, барша балаларды мерекемен құттықтап, қолдау білдірген жандарға ризашылығын жеткізді.

БӨЛІСУ