Бүгін Елорда төрінде «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «Әйел аманаты» атты республикалық семинар өтті.
Халықаралық балалар күні қарсаңында ұйымдастырылған семинарда қоғамдағы ата-ана мен баланың орны, балалар қауіпсіздігі, олардың салауаттылығы туралы мәселелер қозғалды.
Семинарға аймақтардан іскер және көшбасшы әйелдер, қоғам қайраткерлері, Сыр өңірінен
“AMANAT” партиясының арнайы шақыруымен
облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Қазбекова, «Анаға тағзым» орталығының директоры А.Молжанова қатысып, пікір алмасты.
Жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов «Руханият жылы» аясындағы жұмыстарға, ана мен бала құқығы, отбасы құндылықтарын ілгерілетудегі мәселелерге тоқталды.
Айта кетейік, өткен жылы Алаштың анасы – Сырдың төрінде еліміздің барша аналарының құрметіне «Анаға тағзым» орталығы ашылып, жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады.
Сыр топырағында рухани құндылықтарды бағалауда келелі жұмыстар мен тың жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің бастамасымен барлық ауданда музей, түнгі мезгілде жұмыс жасайтын кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынуда.
Облыстағы 171 мәдениет үйі мен елді мекендердегі клубтар Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде жұмыс жасай бастады, жоспарын 7 бағыт бойынша қайта әзірледі.
Өңірде балалар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа баулу мақсатында да бірқатар нақты жоба қолға алынды. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептері, «Саутс ойл» компаниясының демеушілігімен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты салынуда. Үстел теннисі орталығының және орталық стадионның құрылысы жүруде. Халықаралық стандарттарға сай жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
1 маусымнан бастап облыстағы барлық кітапхана түнгі 00.00-ге дейінгі жұмыс тәртібіне көшеді.