Бүгін Қызылордада Достық үйінде Неміс этномәдени бірлестігінің “Deutshe Feste” мерекелік іс-шарасы өтті.
«Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясындағы мәдени күнге облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдары, этномәдени бірлестік төрағалары мен белсенді мүшелері, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара шымылдығы орталықтың белсенді өкілдері мен оның құрылуына зор еңбегі сіңген тұлғалар туралы арнайы бейнероликпен және салт-дәстүрмен ашылды.
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ директоры Бақытжан Камалов: “Біздің елімізде Қазақстан этностарының мәдениетін, тілдерін жаңғырту мен дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Этностардың мәдени күндері салт-дәстүрмен, тарихымен, тіпті ұлттық тағамдарымен жақын танысуға мүмкіндік береді.
Міне, бұл Достық үйінде түрлі этностардың мәдениетіне арналған кезекті іс-шара. Олар облыс тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырады. Біз тағы да мерекелік атмосфераға, бұл жолы неміс этносының мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне қанықтық. Немістер ежелден өзінің жарқын мереке, фестивальдарымен танымал. Ән, би, қолданбалы шығармашылық, түрлі – түсті костюмдер – осының барлығы мерекенің көңіл-күйін күшейтті. Дәстүр бойынша мен орталықтың басшысы Шек Ирина Николаевнаға, оның белсенділеріне қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді», – дей келе, неміс этномәдени бірлесітігінің төрағасы Ирина Шекке облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғысын табыстады.
Іс-шарада халықаралық Панфиловшылар штандарты салтанатты түрде орталыққа табысталып, Панфиловшылар әнұраны орындалды.
Неміс этносының мәдени күнінде әртүрлі жанрларда ән, би, өлеңдер орындалды. “Әжелер” ансамблі кештің көркін келтіріп, «Адажио» би ұжымы, Абылай хан атындағы №140 орта мектебі мен №5 И.В. Панфилов атындағы мектеп-лицейінің өнерпаздары одан бетер жандандыра түсті.
2024-05-28