Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен облыстық медиаторлар кеңесінің отырысы өтті. Медиацияны халық арасында ілгерілету мақсатын көздеген іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиал басшысы, облыстық ҚХА жанындағы «Медиаторлар кеңесінің» төрағасы Ләззат Бақтыбаева және облыстық медиаторлар кеңесінің мүшелері, құқық қорғау органдарының сала мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс модераторы «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиал басшысы, облыстық ҚХА жанындағы «Медиаторлар кеңесінің» төрағасы Ләззат Бақтыбаева іс-шараның негізгі мақсатына тоқталды. Өңірдегі медиация саласына қатысты туындаған өзекті мәселелерді талқылау, ауқымдылығына қарай шешімін қарастыру, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес медиацияны дамытуды, әсіресе бала құқықтарын қорғауды, жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайларды медиация жолымен шешу мәселесін сөз етті.
Облыстық ҚХА жанындағы Медиаторлар кеңесінің үйлестірушісі Шахизат Абдраманова жыл басынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Жыл көлемінде медиация институтын насихаттауға бағытталған барлығы 60 түрлі форматты кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары, оқыту семинарлары мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылса, аталмыш шараларға 2000-ға жуық тұрғын қамтылды. Облыс бойынша медиаторлардың көмегімен 45 өтініш бойынша келісім орнатылып, дауласушы тараптар ымыраға келді», – деді.
ҚХА қызметінің аясында медиация институтын дамыту арқылы қоғамдық келісімді қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралары көрініс тапқан бейнеролик көрсетілімі болды. Сондай-ақ, медиацияны ілгерлету бағытында кеңес мүшелігіне облыстық, қалалық сот, прокуратура, ішкі істер органдарының мамандары, облыс бойынша бала құқықтары және адам құқықтары жөніндегі облыстағы уәкілдері қабылданды.
Келелі басқосуда қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан бірнеше ұсыныс айтылды. Кеңес мүшелерімен келісілген жаңа жұмыс жоспары бекітіліп, алдағы бірлескен жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

БӨЛІСУ