Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Н.Ілиясов және Шаған ауылында көшпелі кездесулер өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Аудан басшысы Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен аймағымызда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын І санатты жолға айналдыру және облыс орталығын ыстық сумен қамтамасыз ету жөніндегі облыс әкімінің ұсынысын қолдады. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл 11-нің құрылысы жүргізіледі. Бүгінде «Білімді қолдау қоры» есебінен 7 млрд. 900 млн теңгеге 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана Оқушылар үйі болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы бой көтеруде. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан музыкалық колледждің жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Міне, осындай қолдаулар ауданда да атқарылып жатыр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы тұрғындарға жақында аймақ басшысының төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты болдырмауға қатысты кеңейтілген мәжіліс өткенін айтып, бүгінгі таңда жастарға саналы тәрбие беруде, олардың жаман әдеттерден аулақ болып, әлімжеттік жағдайларға жол бермеуіне қоғам болып атсалысу қажеттігін жеткізді.

Бұл ретте, елді мекендердегі «Адал адам» орталықтарын ұтымды пайдаланып, жазғы уақытта балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуге, оларды өнерге баулуға, шығармашылықпен айналысуға тарту керектігін атап өтті.

Айта кетейік, ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылын газдандыруға демеушілік есебінен жоба жасалып, бюджеттік өтінім ұсынылған. №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп биыл күрделі жөндеуден өтетін болады. Демеушілік есебінен ауылға кіреберіс 2 шақырым көше бойына жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ал аудандағы үлкен ауыл – Шағанда биыл жобалық құны 2,6 млрд. теңге болатын газдандыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар, 1,1 млрд. теңгеге елді мекендегі электр желілері мен бағаналары, трансформаторлар қайта жаңартылуда.

Кездесулерде тұрғындар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, елді мекендер халқы инфрақұрылымдық жұмыстар, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаға қатысты өздерінің мәселелерін айтты. Аудан басшысы ұсыныс-пікірлер негізінде жұмыс жүргізілетінін, мәселелер тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Кездесу соңында аудан әкімі құқық қорғау қызметкерлерімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

БӨЛІСУ