Жақында «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы ел игілігіне пайдалануға беріледі. Жаңа нысан “Болат Өтемұратов қорының” қолдауымен салынуда. Жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат сағатына 250-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жаңа әуе рейстерінің ашылуы және жолаушылар тасымалы сөз болды.
– Соңғы уақытта облыста жолаушылар тасымалы жанданып келеді. Халықаралық рейстерде жақын арада ашылмақ. Атап айтқанда, маусым айынан бастап «Fly Arystan» әуе компаниясымен Ақтау қаласына аптасына 2 рет тұрақты рейс және Анталья қаласына тікелей чартерлік рейс ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «AirAstana», «Fly Arystan» және «Qazaq Air» әуе компанияларымен Астанаға 11, Алматыға 11 рейс жүреді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей әуе қатынасының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, “Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу” бағыты бойынша әуе қатынасын қайта ашу туралы ұсыныс хат жолданды. Қазіргі сәтте аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Одан бөлек, жалпы облыста 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның 7-і қалааралық бағытта болса, 101-і аудандық, ал 33-і қалаішілік және қаламаңы бағыты. Сондай-ақ, Ташкент қаласына халықаралық 1 маршрут және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға барлығы 13 автобус ұйымдастырылған. Осы жылдың қаңтар-сәуір айлары бойынша 11,1 млн жолаушы тасымалданып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 84,5 пайызға жоғарылады, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ибрагим.
– Жаңа әуежай халықаралық талаптарға сай болады. Онда халықаралық, ішкі рейстер және транзиттік жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған бірнеше зал бар. Сондай-ақ, жолаушыларға ыңғайлы болу үшін телескопиялық трап, 2 эскалатор мен 2 лифт, автоматты түрде жүк тапсыру жүйесі, сауда орындары, медициналық көмек көрсету пункті, дәмхана, жүк сақтау және ана мен бала бөлмелері қамтылған. Айта кету керек, Қорқыт Ата әуежайы кейінгі 4 айда жолаушыларға қызмет көрсету бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, өткен жылдың 4 айында 82 673-тен астам жолаушыға қызмет көрсетілсе, жыл басынан бері 106 779 жолаушыға қызмет көрсетті. Осы уақыт аралығында рейстердің саны да өткен жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға көбейген, – деді “Қорқыт ата” әуежайының Басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев.