Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласында «Қажы Мырқыайдар» мешіті ашылды. Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, бұл халықты руханиятқа бастайтын сауапты іс екенін атап өтті.
«Сыр өңірі – Алашқа аты мәлім дүлдүл ақындар мен шайырлар, батырлар мен билердің ғана емес, ахун, ишан, молда, мақсым атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады» деген болатын.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі мекенде қоғамды тұрақтылыққа бастайтын, тұтастықты сақтауға бағытталған байыпты істер атқарылуда. Биыл өңірімізде «Руханият жылы» жарияланды. Президентіміздің идеясынан бастау алған «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтары өз жұмысын бастады, 171 мәдениет үйінде жастарды ізгілік пен отансүйгіштікке баулу ісі ұйымдастырылуда. Барлық аудан орталығында «Руханият орталықтарының» құрылысы басталды.
Имандылыққа бет бұрып, ізгілікке ұмтылған пенденің Аллаға деген сенімін күшейтетін орын – мешіт. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өңірде небәрі 14 мешіт болған, бүгінде 184 мешіт ресми тіркелген. Имандылық үйлерінің ашылуы елдегі ынтымақ пен бірліктің сақталуына зор септігін тигізеді. Дәл қазіргідей жаңа бетбұрыстар мен үдерістер заманында дәстүрлі дініміз адасушылық пен түрлі ағымға тосқауыл болып, имамдар халықты бірлікке, ынтымаққа ұйытуы тиіс. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор. Облыс орталығынан күмбезі күн сәулесімен шағылысқан мешіт салуға қолдау көрсеткен жомарт жүректі азаматтарға барша халықтың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Жаңа мешіт рухани байлығымыздың темірқазығына айналсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа мешіттің мейірімділік мекеніне айналуына тілектестік білдірді.
Тарихтың ізі мен сырына толы Сыр өңірінің қасиетті орындары – Қорқыт ата ескерткіш-кешені, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелері кәсіпкерлердің қолдауымен қайта жаңғыртылып, айналасы абаттандырылды.
Марал баба кесенесін қоршаудың, реставрациялаудың және кесенеге дейінгі жолды жөндеудің есептемелері әзірленді. Жақын күндері жол жөндеу жұмыстары басталады.