Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесті.
– Екі ел басшыларының берік достығы, үндескен саясаты қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа белеске көтеруге ерекше қарқын беруде. Біздің президенттеріміздің тұрақты кездесулері – осының айқын дәлелі. Біз Парламент тарапынан жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықты іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов түрік әріптестеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық, саяси реформалар туралы айтып берді.
Өз кезегінде Нуман Куртулмуш Түркия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын толық қолдайтынына назар аударды.
Жиын соңында Ерлан Қошанов Ұлы Ұлттық Жиналыс төрағасының ресми сапары саяси диалогты нығайтып, Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.