Үстіміздегі жылы Қызылорда облыстық Корей этномәдени бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толады. Осыған орай Достық үйінде салтанатты іс-шара – Корей мәдениетінің фестивалі өтті. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстық этномәдени бірлестіктің жетекшілері, белсенді мүшелері, өңірлік ҚХА ардагерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Достық үйінің фойесінде келген қонақтарға ерекше көрме ұйымдастырылды. Онда корейлердің қазақ еліне келу тарихынан сыр шертетін көне бұйымдары, 50-ден астам корей этносының ұлттық тағамдары әзірленіп, барша қатысушыларға ұсынылды. Сондай-ақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті таныстырылды.
Мерекелік шарада “Қоғамдық келісім” мекемесінің директоры Бақытжан Жарылқасынұлы сөз сөйлеп, орталықтың елдегі этносаралық бірлікті нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
– Елімізде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей бауырларымыз өздерінің адал еңбегімен аймақтың мәдени-рухани, аграрлық және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосуда. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Сыр өңірі – атам заманнан сан ұлт өкілі бас қосқан, бақыт тапқан мекен. Бүгінгі күні біздің өңірде 35 түрлі этнос өкілдері бар. Соның ішінде, корей халқы 85 жылдан астам осынау қазақ өлкесінде өмір сүруде. Бұл жай ғана оқиғалардың, күндердің тізбегі емес, ол – өзара бірлесіп өткізілген өмір, ортақ тарих,-деді.
«Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Денис Пак бірлестіктің ынтымақ пен достықтың нәтижесінде 35 жылда жеткен жетістіктері мен игілікке толы ізгі жұмыстарына тоқталды.
Өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан корей этносының өкілдеріне және орталықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін белсенді жандарға ізгі тілекке толы Алғыс хаттарды табыстады.
Орталықтың белсенді өкілдері мен оның құрылуына зор еңбегі сіңген тұлғалар туралы өңірлік ҚХА ардагері Асылбек Жұмабаев айтып, лэд экраннан арнайы бейнеролик көрсетілді.
Одан бөлек, бірлестіктің ардагерлері тарапынан корей халқының тарихы, олардың елімізге қоныс аударғаны, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен белгілі тұлғалары туралы естеліктер айтылып, әртүрлі жанрдағы би, ән, өлеңдер орындалды.
Айта кету керек, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 28 қазанда құрылды. Бүгінгі күні елімізде 100 мыңнан астам корейлер өмір сүруде. Ал Сыр өңірінде 8 мыңға жуық корей өкілдері тату тәтті, бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешіп келеді.

БӨЛІСУ