Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық және мемлекеттік мекеме, құзырлы орган, микрокредиттік ұйым өкілдерімен бірлескен жұмысшы тобы Жаңақорған ауданы кәсіпкерлерімен кездесті.

Ең алдымен Палата директоры Өңірлік кеңес мүшелері Гүлнар Бекмырзаева мен Аблан Асенов және Палатаның аудандық филиал директоры Асылжан Жолдасбековпен бірге Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновпен кездесіп, Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту Тапсырмасын талқылады. Әрі қарай, аудандық Мәдениет үйінде жергілікті кәсіпкерлердің көрмесі өтті. Мұнда 10-нан аса кәсіпкер қолөнер бұйымдарын, кондитерлік өнімдерін, тұрмыстық және құрылыс заттары мен тігін шеберханасының өнімдерін ұсынды.

Кездесуді жүргізген Бектас Нұридинов мемлекеттік қолдаулар арқылы аудандағы кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық өз кезегінде жұмысшы топтың миссиясын және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау түрлеріне тоқталды. Бұдан бөлек, Жаңақорған аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әліхан Жоспаров инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен қатар прокуратура органдары тарапынан жүргізілген шаралар жөнінде баяндады.

Жиынға арнайы келген делегация құрамында келген облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, ауыл шаруашылығы басқармасы, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалы қаржы ұйымдарының өкілдері мемлекеттік қолдау шараларына кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Осы ретте, кәсіпкерлер өз ұсынысын білдірді. Олардың айтуынша бүгінгідей кездесулердің пайдасы орасан зор, барша кездесуге келген бизнес өкілдері өз мәселелерін айтып, сұрақтарына жауап ала алды. Дегенмен, шалғай ауылдардағы кәсіп иелері облыс орталығындағы мекемелерге қайта-қайта барып, құжат жинауға уақыты да мүмкіндігі де бола бермейді, осы себепті ең болмағанда айына бір рет қаржы ұйымдарының өкілдері аудан орталығына келіп, қабылдау өткізсе, ауданға қарасты барша ауыл тұрғындарының мәселесі шешіледі.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалы аталмыш ұсынысты қабыл алып, басшылыққа жеткізетіндігін айтты. Сонымен бірге, кездесуде айтылған барлық ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта Өңірлік кеңес отырысында талқыланатын болады.

Кездесуден кейін делегация Жаңақорған ауданының туризм аймақтары, киелі «Хорасан ата», «Төлегетай баба», «Қылышты ата» сынды тарихи орындарын аралады.

БӨЛІСУ