Қазалы ауданында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықты болдырмау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Осы мақсатта өткен жылдан бері күнделікті түнгі рейд жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Балалардың беймезгіл уақытта көше кезуі сиреді дегенмен, ата-аналармен бірге шешетін қиындық жоқ емес. Бүгін №266 мектеп-лицейде қазалылық ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, түйіткілдер талқыланды.

Алқалы жиынға аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков, аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Болатхан Мұханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов және мектеп директорлары қатысты.

– Мен Сіздермен бұл кездесуге аудан әкімінің орынбасары ретінде ғана емес, ата-ана ретінде ашық пікірлесіп, ой бөлісу үшін келдім.

Мемлекет басшысының «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс» деген сөзі естеріңізде болар. Сондықтан қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау қажет. Осы мақсатта бүгін сіздермен бас қосып отырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары К.Назымбеков.

Бұдан кейін аудандық төтенше жағдай бөлімінің инженері Сұлтанай Бүркіт жасөспірімдермен орын алған қайғылы, оқыс оқиғалар жайын баяндап, балаларды назардан тыс қалдырмауға, су айдындарына қараусыз жібермеуге шақырды. Ал полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Болатхан Ниязханұлы балалар арасындағы жанжал, топтық төбелес, жол-көлік оқиғалары жайында айтты.

Ауданның бас ұстазы Әділхан Оңдасынұлы оқу жылының аяқталуына байланысты жиынға қатысушыларды хабардар етіп, бірнеше мәселеге арнайы тоқталды.

— Біраз уақыт бұрын скутермен жол-көлік оқиғасына тап болған баланың жағдайы бәрімізге сабақ болуы керек. Абырой болғанда оқушымыз аман. Бұдан кейін көшеде бірнеше скутер айдаған жеткіншекті көріп, үйіне апарып, ата-анасына ескерттім. Сондағы себеп баланы дүкенге, базарға жұмсап тұру үшін, жеткізу қызметімен айналысу үшін сатып алып берген екен. Осындайда ата-ана аталған «сыйлығы» арқылы баланың басын қатерге тігіп отырғанын білмейді ме екен деген деген ойға қаламыз, — деді Әділхан Жөлекешов.

Білім бөлімінің басшысы бұдан бөлек мектеп бітіруші түлектерге ұйымдасып табиғат аясына шығуға, кортеж бен мейрамханада тойлауға жол берілмейтінін баса айтты. Сондай-ақ, жаздыгүні тәртібі мен отбасы жағдайына байланысты есепке алынған балаларды үйірмеге тарту бағытындағы әрекеттер жайын баяндады.

Ата-аналар жиналысында аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Серікұлы балалармен жасалуы тиіс нақты мәселелерге тоқталып өтті.

Жиын соңында мектептегі ата-аналар комитетінің төрағалары, қатысушылар ұстаз мәртебесі, үйдегі тәрбие, жеткіншектерді бақылауда ұстау жайында ой-пікірлерін ортаға салды.

БӨЛІСУ