Тұрғындардың сапалы өмір сүру деңгейін жақсарту инфрақұрылымды дамытудан басталады.
Жалағаш аудандық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтіп, онда Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов партияның сайлауалды бағдарламасы аясында «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту», «Электр, жылумен жабдықтау және кәріз желілерін жөндеу», «Таза ауыз сумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету», «Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру», «Тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету» бағытында ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлармен бөлісті.
Бүгінде Жалағаш ауданы бойынша Ақсу және М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жоспарланған газдандыру жұмыстары тамыз-қыркүйек айларында аяқталып, халық игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджет есебінен 603 млн. теңге қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды.
Бұқарбай батыр, Қаракеткен, Далдабай ауылдарында газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына демеушілік есебінен ЖСҚ әзірленуде. Жоба жүзеге асқан жағдайда аудан тұрғындарының 40 пайызы табиғи газ желісіне қосылмақ.
Ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырым, электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайызды құрайды.Қазіргі таңда Есет батыр және Т.Жүргенов елді мекендерінде тұрғын үй секторының инженерлік инфрақұрылымының (электр беру желілері) құрылысын монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ал, Мырзабай ахун елді мекені бойынша жеңімпаз мекеме анықталды. Электр жүйесінің тозу деңгейі 25 пайызға азайту мақсатында Жалағаш кенті, Еңбек, және М.Шаменов елді мекендерінің электр жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу демеушілік есебінен жүргізілетін болады.
Аудан тұрғындары толығымен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2022 жылы 4 жобаға 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, 2 елді мекеннің ауыз су желілерін кеңейту (Аққұм, Мәдениет) және жаңадан ашылатын «Ақтерек» учаскесінде су ұңғамасы мен су тарату желерінің құрылысы іске асырылып, 2023 жылы жоба толығымен аяқталған.
Жиын барысында фракция мүшелері ұсыныстарын жеткізіп, олардың орындалуын бақылауда ұстайтындықтарын жеткізді.