М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі ұйымдастыруымен 29-30 сәуір күндері республика көлемінде алғаш рет, білім беру мекемелерінде бұрын-соңды болмаған тың бастама көтеріп, ҚР ҰҚК шекара қызметі Қызылорда облыстық департаментінің «Наурыз» далалық оқу-жаттығу орталығында «ӘСКЕРДЕГІ БІР КҮН» оқу-жаттығу далалық жиынын өткізді.

Мақсаты – жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру. Адалдық, аға ұрпаққа құрмет, батылдық, моральдық-психологиялық қасиеттерді сіңіріп, салауатты өмір-салтына оң көзқарасты қалыптастыруды және жауынгерлік рухты көтеруді көздейді.

Таңғы жаттығудан басталған әскери өмірдің бір күнін жүзге жуық студент жігіт басынан өткеріп, сарбаз сапын толықтырды. 29 сәуір күні басталған далалық жиын кешкі сағат 20-00 де колледж жас сарбаздарымен кездеСу кешіне ұласты.

Жас сарбаздармен жүздесу алаңына Қарулы күштер ардагерлері кеңесінің төрағасы – Рышауов Мыңділда Сағидуллаұлы, Облыстық Ерлік үйлестіру қоғамдық бірлестік төрағасы – Марат Орынбайұлы, Облыстық «Әкелер кеңесінің» төрағасы – Ержан Іскендірұлы, ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлерінің «Застава тарландары» РҚБ-нің Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Худояров Асан Беркинбекович, ҚР ҰҚК шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің тәрбие идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің аға офицері, майор Аманбаев Өмірбек Аманкелдіұлы, Қызылорда облысы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қызметкері – Оспанов Бақтияр Есенгелдіұлы арнайы шақырылып, құрметті қонақ ретінде қатысты.

Әскери шара ашық аспан астындағы алау жанында ұйымдастырылып, шара қонақтары ұлтқа қызмет етудің тек білім алумен шектелмейтіні, ер-жігітке жігерлі мінездің маңыздылығын түсіндіре отырып, Отанға қызмет білекпен ғана емес, ең алдымен жүрекпен орындалуы керек екенін түсіндірді. Сондай-ақ, ер-азамат болмысындағы құндылықтар, әскери уақыттың әр жігіт үшін Отан алдындағы борыш ретіндегі маңызы, сарбаз өмірінің қыр-сыры туралы кеңірек әңгіме өрбіді. Жастарға жалынды рух, патриоттық алапат сезім сыйлаған кездесу кешінде әскер күнделігінен әндер орындалып, ескірмеген естеліктер айтылды.

Жиын соңында колледж директоры Тоғанова Жақсыгүл Қоханқызы студент жастарға ерекше күш берген, жауынгерлік рухын көтеріп, отансүйгіштік қасиетін арттыратын мағыналы ой бөліскен шара қонақтарына зор ризашылығын білдіріп, алғыс білдірді.

Айта кетейік, айтулы шара 30 сәуір күні таңғы жаттығу, әскери оқу-жаттығу шараларына жалғасып, марапаттау рәсімімен қорытындыланды.

БӨЛІСУ