1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебінде «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен ТЕD-X форматында кездесу өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Фархат Әбдібағдатұлы, Журналистер Одағының мүшесі, медиалектор Абай Тағыберген, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің комплаенс офицері, облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Әлібек Жаппасбаев және мектеп оқушылары қатысты.
Кездесуде спикерлер парасаттылық құндылықтарын арттыруға бағытталған идеяларымен бөлісті. Бүгінде әлеуметтік желіні күнделікті өмірінде пайдаланбайтын адам кемде-кем. Әсіресе, жас толқын өкілдері түгелдей дерлік осы бір жіпсіз желіге көрінбей ноқталанғанын ешкім жоққа шығармаса керек. Аман-сәлемді агенттен бастап, әңгіме пісіруді фейсбукте жалғастыратыны өз алдына, вацап, твиттер арқылы видео, фото жіберіп жатады. Күнделікті өмірдегі маңызды, қоғамдық ортада пікірталас тудыратын оқиғаларға қатысты өз ойыңды ашық білдіруге әлеуметтік желілердің пайдасы тиіп-ақ тұр.
Кездесуде әлеуметтік желілердің басты проблемасы ауызекі сөйлеу мен жастардың коммуникативті қабілеттерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін деген пікірлер айтылды. Қазір әлеуметтік желілердегі қате сөздер мен орашолақ сөйлемдердің мәселесі өзекті екендігі де сөз болды. Осы ретте спикерлер оқушыларға виртуалды байланыс орнатуға мүмкіндік беретін желідегі қазақ тілінің қолданыс аясын, дәрежесін көтеруге күш салуға шақырды.