Аудан әкімі Ардақ Ибраимов 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында 80 жасқа толған Тынымкүл Алмағанбетованы туған күнімен құттықтап барды.

Батыр анаға облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының арнайы құттықтауын жеткізіп, ел үшін еткен еңбек жолына шынайы алғысын жеткізді.

Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық Әлиұлы, алқа билер кеңесінің төрағасы Кенжеғара Сүлейменов және аудандық мәслихат төрағасы Елеусінов Өмірзақ Тұрымбетұлы құт қонған киелі шаңыраққа сәлем беріп келді.

Алмағанбетова Тынымкүл 1944 жылы 1 мамырда Жалағаш ауданының қазіргі «Бұқарбай батыр» ауылында дүниеге келген.

Ұзақ жылдар бойы аудан экономикасын, мәдениетін, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеруге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесін ескеріп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкері» құрметті атағы берілген.

Қазақ жерінің зиялы азаматтары ғұмырнамалық жинақтар сериясының он сегізінші кітабына енді.

2011 жылы «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
2023 жылдың 20 желтоқсанында елордамыз Астанада қаласында Қазақстан Республикасы «Bilim-orkenieti» инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» төсбелгісі берілді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген зейнеткері, «Күміс алқа» иегері.

Жолдасы – Алайдаров Рахат көп жылдар бойы ауылшаруашылық саласында қызмет еткен, зейнеткер, еңбек ардагері.
Қазіргі таңда бірге 6 бала тәрбиелеп өсіріп, немере, шөбере сүйіп отыр.

БӨЛІСУ